Валентин Лыткинмен бірінші жүздесуім болғандықтан, оның болмысын терең ұғыну үшін алдымен ұжым мүшелерінен сыр суыртпақтаған едім. Олардың қай-қайсысы болсын басшылары жайлы жылы лебіз білдіріп, Валентин Михайловичтің іскерлігін баса айтқан. Сондықтан онымен сұхбаттасқан кезде алпыстың асуын бағындырған азаматтың еңбек жолын әріден қозғамай-ақ, соңғы жылдары атқарған қызметін сөз етсек те, одан біз іздеген еңбек адамының бейнесі сомдалатынына сенімді едім.
Валентин Лыткин – Саумалкөлдегі “Ғасыр – Айыртау” ЖШС-нің директоры. Бұл қызметті ол 2006 жылдан бері атқарып келеді. Аталмыш кәсіпорын еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының ірі құрылымдарының бірі – “Әліби” холдингке тиесілі. Шаруашылықта бүгінде 170-тен аса жергілікті тұрғын өзіне тұрақты жұмыс орнын тапқан.
– Аталмыш кәсіпорын ашылған кезде оның өндірістік аумағы күл-қоқыстың үйіндісі тұратын жерге ұқсайтын. Валентин Михайлович алаңды аз уақыттың ішінде бүгінгі көз қызықтыратын қалыпқа келтірді. Өзіңіз байқап отырғандай, үш гектар жер телімінде түрлі шаруа атқарылады. Соның барлығы Валентин Лыткиннің зор еңбегі десем, әріптестерім бұл пікірімді растары сөзсіз. Ол ұжымға ұйытқы бола білетін басшы ретінде ғана емес, адамгершілік тұрпатымен де құрметке лайық жан, – деген еді жоғарыда әңгімеге тартқан әріптестерінің бірі – директордың орынбасары Вячеслав Дель.
Кәсіпорынның үлкен орамы темір-терсекке, ағашқа, көлікке толы болса да, рет-ретімен жатқан заттар жинақы. Ауланың мұнтаздай таза көрінісі шаруашылықтың тізгіні білікті әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшының қолында екендігін айтқызбай танытады. Бір бұрышта ауыл шаруашылығы техникаларының қозғағыштары тізіліп жатса, одан жоғары ағаш кесетін цехқа дайындалып қойылған бөренелерді көресің. Үйілген ағаштардан әріге көз тастасаң, үш жылыжайдың көгілдір төбесі де байқалады. Қатар-қатар тұрған екі ғимараттың бірінен темір пісіретін құрылғының жарқылы көрінсе, екіншісінен электрлі кескіштің дыбысы құлаққа шалынады. Ал екінші бетте орналасқан ТЖС-нің жанында жөндеу күткен көліктер де аз емес. Сондай-ақ, арнаулы цехтарда макаронның жеті түрі жасалып, тағамдық жарманың бес түрі өндіріліп жатқанын да көрдік. Айтпақшы, омарташылық іс те жанданған.
– Біздің кәсіпорын еліміздегі дәнді дақылдар себетін ең ірі холдингтің құрамында. Ол 46 шаруашылығында 10 мың еңбеккерді жұмыспен қамтып отыр. Оның ел экономикасында ойып алар орны бар. Мен холдинг басшыларының бизнестің тетігін дөп баса білетіндігін айтқым келеді. Олар біздің тарапымыздан жасалған ұсынысқа қаржылай қолдау көрсету арқылы өздеріне де, бізге де ортақ істі жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде біз көпсалалы кәсіпорынға айналдық. Холдингтің директоры Талғат Тілеубаев, бас инженер Ерболат Тілеубаев біздің ұсыныс-тілегімізді тыңдап алады да, ой елегінен өткізген соң тиімді шешімін шығарады. Холдинг әкімшілігіне біз жылда бір жоба ұсынамыз. Биыл, тіпті, екі жоспар жүзеге асты. Жыл басында жарма цехын іске қоссақ, көп кешікпей шұжық шығаратын цех ашамыз, бүгінде оның жабдықтары жасалуда. Онда саумалкөлдіктер үшін тағы 7 жұмыс орны ашылады. Қаржыландыру жақсы болған соң ойдағы мақсат та оңай жүзеге асады, – дейді Валентин Михайлович.
1 миллион 500 мың гектар жерді игеріп отырған “Әліби” компаниясының техникалық паркінің үлкен екендігі айтпаса да түсінікті. Еліміздің төрт өңірін қамтыған холдинг барлық сыңған темір тұлпарларының күрделі жөндеу жұмыстарын осы саумалкөлдік кәсіпорында жөнге келтіреді. Сөз жоқ, бұл ұжымда да қайсыбір арнайы мамандар жетіспейді, бірақ ондағы еңбеккерлер өз беттерімен басқа мамандыққа баулынуға дайын тұратындықтан, кадр тапшылығы аса сезілмей де қалады. Еңбекақысы тұрақты, орташа айлық мөлшері де жаман емес кәсіпорынға жұмысқа сұранып келетіндер қатары да қалың. Бүгіннің өзінде басшының үстеліндегі дәптерге жұмысқа сұранған 12 адамның аты-жөндері жазылып қойылған.
– Мен осы ауылдың тумасы болғандықтан, жұрттың біразын танимын. Олардың көбінің мінез-құлқы маған мәлім. Сондықтан алдыма келген адамды бағалай отырып, жұмысқа аламын немесе бос орын пайда болғанша күте тұруын өтінемін, – дейді ол.
Валентин Лыткиннің зейнеткерлік демалысқа шыққанына биыл төртінші жыл. Бірақ білікті басшымен холдинг әкімшілігі еңбек келісімшартын бұзбай отыр. Валентин Михайловичтің де еңбектен қол үзгісі жоқ.
– Жас ұлғайса да, көңіл қартаймайды екен. Күш-қуатым әлі таусылмаған сыңайлы. Әріптестеріммен, қол астымдағы еңбеккерлермен түсіністікте жұмыс істегендіктен, қызметтің ауыртпалығын да сезбеймін. Әркім өз жұмысын біледі, айтқызбай атқарып жатады. Ұжым – мені, мен ұжымды сыйлап тұрғандықтан, өзім де бұл жерден алысқа кеткім келмейді. Ең бастысы еңбек етуге денсаулық болсын, – дейді Валентин Лыткин.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Айыртау ауданы.