
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Қозыбаев оқулары – 2015: ғылым мен білімнің даму перспективалары” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.
Атаулы шараға Қазақ журналистикасы академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағымбай Қозыбаев, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов, ғалымның зайыбы Сара Қозыбаева, тағы басқа да қадірлі меймандар арнайы келді. Олар университет аумағындағы Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мамандандырылған “Қазақстан тарихы” кабинетінің ашылу рәсіміне қатысып, оның алдағы жұмыс бағытымен танысты.
Қонақтарды конференцияның ашылуымен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан оның орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады. Ол: “Қазіргі геосаяси кезеңде мемлекетіміздің тұрақтылығының бірден-бір шарты халықтың бірлігі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес институттық реформасын жүзеге асыру бойынша жария еткен “100 нақты қадамда” ұлт тарихын зерттеу және қазақстандық біртұтас және азаматтық біртекті қоғамды нығайту бойынша ауқымды шараларды айқындады”, – дей келе, Манаш Қозыбаевтың еліміздегі тарихи сананы қалыптастыруға, рухани өмірдің жаңғыруы мен дамуына, этносаралық жағдай мен бірлікті нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды.
“Манаш Қозыбаев оқуларын” ұйымдастырып, келер ұрпаққа оның мол мұрасын таныстыруда университет ұжымының атқарып келе жатқан зор еңбегіне алғысын білдірген ғалымның інісі Сағымбай Қозыбаев: “Манаш қазақ мемлекеттігінің отаршылдық және кеңестік тоталитаризм жағдайындағы Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамалық бағыттарын қалыптастырудың, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың бастауында тұрды. Ол тек тарих мәселелерін ғана емес, еліміздің бүгінгі өмірінің өзекті мәселелері туралы өткір де өтімді ой айтқан ғалым еді.
Манаш Қозыбаевтың артында өлшеусіз еңбектері қалды. Ол, тіпті, қонақта отырғанда да қолынан қарындашы мен қағазы түспейтін еңбекқор жан болатын”, – деді.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов – “Академик Манаш Қозыбаев және оның ғылыми мұрасы”, Түмен мемлекеттік университетінің зертхана меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Ярков – Сібір және Қазақ хандықтары туралы әңгімеледі.
Археология профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт – “Ботай мәдениеті”, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер” кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков “Шаруашылық кешендерді қайта құру – ашық аспан астындағы мұражайдың негізі” тақырыптарын тілге тиек етті.
Қонақтар университеттің кітапханасына бірнеше жаңа шыққан тарихи жинақтар сыйлады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.