«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРШЫЛЫҚТА ТАНЫСЫП, ТАБЫСҚАНБЫЗ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінде: “Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді”, – деді. Үстіміздегі жылдың басында Елбасының Жарлығымен 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланды.

Бүгінде Имантау ауылында бірнеше этностың өкілі өмір сүреді. Осындағы орта мектептің оқушылары 12 этностың балаларынан құралған. Бұл Қазақстанның көптеген этностардың тағдыры тоғысқан құтты мекен екенін көрсетеді.

Мен 17 жасымда Имантауға келін болып түстім. Бірнеше этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан ауылдың тыныс-тіршілігіне таңғалған кездерім де болған. Кейін қайын енем соғыс кезіндегі көрген қиыншылықтарын баяндаған кезде өзім таңданып жүрген татулықтың қалай қалыптасқанын түсіндім. Қайын енемнің айтуынша, 1943 жылы Қазақстанға жер аударылған неміс отбасыларының біразы Имантауға да келіпті. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың қақаған аязында да аш-жалаңаш келген неміс отбасыларын онсыз да азып-тозып отырған жергілікті халық өз үйлеріне қоныстандырған. Ауыр жұмыстан, ашқұрсақ тірліктен жүдеп-жадаған жұртымыз таршылық сынаса да қолдарына тиген бір тілім нанды неміс отбасыларымен бөлісіп жеген. Сол кездегі халықтың рухани мықтылығы, мейірімділігі бәрімізге үлгі боларлықтай. Себебі, ұлан-байтақ Отанын фашистерден қорғап жатқан елдің халқы неміс этносының өкілдеріне осынша қамқорлық танытуы адамгершілік қасиеттің шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. “Қара қағаз” алып, қара жамылған, арқасүйерінің, жалғызының амандығын тілеген имантаулықтардың сондай қайырымдылығын неміс отбасылары қанша жыл өтсе де ұмытқан жоқ. “Көрнекті іс көмілмейді” дегендей, оны ұмыту мүмкін бе?! Еріксіз жер аударылып, бұрын-соңды көрмеген қазақ даласына “Өлсең, өрем қап!” дегендей, әкеліп тастау жетегінде баласы бар, қолында жүрек жалғар азығы жоқ немістер үшін өліммен тең еді. Олар сол кезде тартқан азаптарын да, көрген қамқорлықты да ұрпақтан-ұрпаққа айтып отырады. Бүгінде олардың дені тарихи Отандарына көшіп кетсе де, жылына бір рет Имантауға келіп, туған өлкеде аунап-қунап кетеді. Әр сапарлары сайын артынып-тартынып, сыйлықтарын да ала келеді. Ол сыйлықтарды біз ауылдағы аз қамтылған отбасыларға бөліп береміз. Ауылдастарымның бір-біріне деген осындай қамқорлығы қуантпай қоймайды. Имантау ауылында бірлік, сыйластық, татулық сияқты асыл қасиеттердің сақталуы осыған да байланысты шығар.

Раиса АШИРОВА,

“Сююмбике” татар этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp