
Облысымызда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу, баспаналарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аппараттық кеңесте төлемақылар беруді бір апта ішінде аяқтауды тапсырды.
Кеңес кадрлық өзгерістен басталды. Өңір басшысы өз өкімімен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы қызметіне Валерий Затайды тағайындағанын хабарлады.
Отырыста қаралған алғашқы мәселе – “2016-2020 жылдарға арналған облыс аумағын дамыту бағдарламасының” өткен жылғы қорытындысы жайлы экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков баяндады. Ол бағдарламаның басты бағыттары – өңір экономикасы мен әлеуметтік салаларын дамыту, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық кешенді жетілдіру, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 130 мақсатты көрсеткіштің 91-і орындалған. Бұл жаман нәтиже емес. Дегенмен, облыс әкімі Құмар Ақсақалов бағдарламада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жоспарлы жұмыс істеудің маңыздылығына назар аударды.
Қыстың қамын жаз ойлаған қызылжарлықтар жылыту маусымына әзірлікті бастап кетті. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіров хабарлағандай, жылыту маусымына 509 қазандық, 265 шақырым желіні дайындау қажет. 662 білім беру мекемесі, 587 аурухана және 207 мәдениет ошағы қазан айының 1-іне дейін сақадай сай болуы керек.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін жеті аудандағы 60 мектепте ғимарат ішінде немесе жертөледе орналасқан қазандықтар сыртқа шығарылуы тиіс.
Осындай жағдай Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы көпқабатты үйлердің тұрғындарын да алаңдатып отыр. Бүгінде аталған аудандардың әкімдіктері “Сапро-Нат” ЖШС-мен модульдік қазандықтар орнату жөнінде келісімдер жүргізуде.
– Бюджеттік мекемелерге қысқа 174 мың тонна көмір қажет. Бүгінге дейін тасымалдаушылармен келісімшарттар жасалды. Қатты отынды жеткізу жұмыстары қыркүйек айына дейін жүргізіледі. Ал мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың орталық қазандықтары үшін қажет отынның көлемі 53,7 тонна, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Дайындық барысында облыс бойынша 1197 көпқабатты үйдің жылу желілерін жуып, қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіледі. Көпқабатты баспаналардың 1051-і Петропавл қаласында, 146-сы аудандарда орналасқан. Бүгінгі таңда үйлерді жылыту маусымына дайындаумен шұғылданатын арнайы топ құрылып, жоспар жасалған.
Аппараттық кеңесте көктемгі су тасқынының зардаптарын жою жайы қаралды. Өңір басшысы қаладағы ойпаң жерде орналасқан кей үйлердің бау-бақшаларында әлі күнге дейін су тұрғанын айтты.
– Маусым айы келді, ал Заречный және Былғары зауыты шағын-аудандарының кей тұрғындары әлі жеміс-жидек, көкөніс еге алмай отыр. Сорғылар сатып алынған, соларды барынша пайдалану қажет. Жағдай толықтай тұрақтанғанға дейін “Нұр Отан” партиясымен бірге тұрғындарға қол ұшын беруіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев баспаналарын су басқан тұрғындарға төлемақы беру барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Петропавл қаласы бойынша құрылған арнайы комиссия үйлердің шығындарын есептеуде. Қаржы жеткілікті көрінеді. Бүгінге дейін 100 отбасына 32 миллион теңге төленген. Қызылжар ауданында 14 үйдің иесі тиісті қаржыларын алыпты, қалғандары кезегін күтуде. Жалпы бұл ауданда төлемақының көлемі 67 миллион теңгені құраған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында да мәселе оң шешілген. Сегіз отбасына өздері қалаған үйлер сатып әперілді, екі үйдің иелері ұсынылған баспанадан бас тартып, тиісті қаржыларын алған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.