«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ ДӘНЕКЕРІ

Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедралары ашылып, өз жұмыстарын бастап кетті.

– Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасы осы жылдың 28 сәуірінде ашылған болатын. Қазіргі күні мұндағы қызметкерлер саны – үшеу. Десек те, кафедрамыз университеттің құрылымдық бөлімі болғандықтан, оның жұмысына білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы көмек көрсетуде, – дейді аталмыш кафедраның меңгерушісі Людмила Гривенная.

Кафедраның негізгі мақсаты этноконфессияаралық байланыс жөнінде өңіріміздегі мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарға оқу-тәрбие жұмыстары мен ғылыми-әдістемелік бағытта бағыт-бағдар беру болып табылады. Бұл ретте аталған міндеттерді жүзеге асырумен білім ордасының елуге тарта профессор-оқытушы мамандары айналысады. Себебі, барлығы өз жұмыстарында этносаралық татулықты негізгі бағыт ретінде таңдаған. Осы орайда олардың 300-ден астам еңбегі жарық көрген.  

– Қай-қайсысын алсақ та, Елбасы ұсынған “Мәңгілік Ел” идеясымен үндес. Ал онда көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыруда бұл еңбектердің баға жетпес құндылық екендігі даусыз, – дейді Людмила Александровна.

Бүгінде жоғарыда аталған еңбектердің барлығы білім ордасының оқу бағдарламасына енгізіліп, өскелең ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолданылып келеді. Осының арқасында болар, қазіргі күні жаңадан ашылған кафедра жұмысына оқытушылар мен профессорлар ғана емес, сондай-ақ, студенттер де жұмылдырылуда. Тіпті, кафедра жанынан “Студенттік ғылыми қауымдастық” құрылған. Олар бүгінде “Бейбітшілік пен тұрақтылықтың жол картасы” мега-жобасы аясында облыс көлеміндегі аудандарды аралап, ондағы этномәдени орталықтардың жұмыстарын зерделеуде. Жетістіктер мен кемшіліктер, кейіннен әдістемелік құрал ретінде топтастырылмақ. Оны да белсенді жастардан құралған топ өздері жинақтамақ.

Қазіргі күні жас кафедраның өзіндік жұмыс жоспары бекітіліп, ережесі қабылданған. Осы арқылы қыркүйек айынан бастап мұнда арнайы курстар өткізілуде. 45 сағаттық дәріс университеттің оқу бағдарламасына енгізілген. Мақсат жастарды ұлттық патриотизмге баулумен қатар, оларға ұлтаралық достықтың мән-мағынасын түсіндіру болып табылады.

Сонымен қатар, кафедрадағы мамандар облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенін де өз қанаттарының астына алған. Ондағы ұстаздарға тілдік тұрғыда ғана емес, сонымен қатар әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңдете меңгеруде де қол ұшын беруде. Бұл реттегі нұсқаулықтар этномәдени бірлестік өкілдерімен бірлесе отырып әзірленеді екен.

Ел көлімінде ашылған “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедраларының алдарына қойған міндеттері бір. Ол – этносаралық келісімді сақтау тұрғысында 19 жыл ішінде қалыптасқан қағидатты бұзбастан, оның көшін одан әрі алға бастыру. Десек те, әр істе бірізділік болуы шарт. Осы орайда таяуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аталмыш кафедралар жетекшілерінің басын қосқан конференция ұйымдастырылған болатын. Басты мақсат – кафедралар жұмысын қадағалап отыратын кеңес құру. Жиынға қатысушылар оны бірауыздан мақұлдап, кеңеске Махаббат Қозыбаеваны төрайым, ал Людмила Гривеннаяны оның орынбасары етіп тағайындады.

– Құрылтай конференциясының барысында жиынға қатысушылар біздің кафедра мен павлодарлық әріптестеріміздің жұмыс жоспары мен атқарып жатқан жұмыстарымызды жоғары бағалады. Осылайша кеңес мүшелері біздің тәжірибелерімізді өзге өңірлерге тарату туралы шешім қабылдады. Оның нәтижесі кеңестің келесі жартыжылдықтағы отырысында бағаланбақ, – дейді Людмила Гривенная.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp