“Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы 11-13 маусым аралығында Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп, “Қазақстандық жаттықтырушы: тәжірибе, ынтымақтастық және келешегі” тақырыбында III республикалық семинар-кеңес өткізді.
Шараға Кембридж университетінің білім беру факультетінің сарапшылары, Назарбаев Университетінің дәріскерлері, Ұлыбритания, Грекия, Испания, Ресей ғалымдары, Педагогикалық шеберлік орталығының және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалының жаттықтырушылары, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Жиында мұғалімдердің кәсіби дамуы, бағалау саясаты, тренер мен мұғалімнің қызметі, оқушылардың білім жетістіктерін бағалау, тыңдаушыларға курстан кейінгі көмек, Сингапур мектептеріндегі бағалаудың эдихубтық үлгісін тәжірибеге енгізуді жүзеге асыру, бірге оқыту стратегиялары, т.б. мәселелер қаралды.
Семинар жалпы сессия және топтық үлгіде өтті. Педагог қызметкерлердің әріптестермен интерактивті режимдегі дәрістері оқылып, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі критерийлік бағалау әдісін таратуға баса назар аударылып, елімізде бағдарлама бойынша жасалған үш жылдық жұмыс зерделенді.
Өзекті мәселелер бойынша ой бөлісуге, шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасуға, жаттықтырушылардың білімін үздіксіз жетілдіруге мүмкіндік берілген семинардың тағылымы мол болды. Жиын аясында Педагогикалық шеберлік орталығының және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалдары қызметкерлерінің оқу-әдістемелік материалдарынан көрме ұйымдастырылды.
Балғаным ОСПАНОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы педагогика кадрларының біліктілігін арттыру институты деңгейлік бағдарламалар орталығының жаттықтырушысы.