
2013 жылдан бастап облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасы бойынша өңірде ардагерлер арасында кезең-кезеңімен спорттық турнирлер өткізіліп келеді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған үстел ойындарының шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ түрлері бойынша екінші облыстық турнир өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шаралар осы турнирден бастау алды. Оның ТМД мемлекеттері басшыларының бірлесіп шешкен биылғы Ардагерлер жылында өтуінің де зор мәні бар. Ардагерлер ел бірлігін, ұлт саулығын нығайтатын жақсы істері мен игілікті бастамаларын болашақ ұрпаққа өз қолынан тапсырып, оған шама-шарқынша үлестерін қосуда.
Турнирді қысқаша құттықтау сөзімен ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов аталмыш шараға барлық аумақтық 15 команданың құрамында қатысып отырған 45 спортшыға жақсы ойын мен табыс тіледі. Ойын төрешілері С. Мұқанов пен А. Новичковтың мінсіз ұйымдастыруының арқасында турнир жақсы дәрежеде өтті. Сондай-ақ, жарысқа қатысушылардың шеберлік деңгейінің өскені байқалды.
Шахматшылар арасында жүлделі үш орынға тимирязевтік К. Хамзин, петропавлдық Т. Иманов және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданнан Н. Згуровский ие болды. Ал тоғызқұмалақ ойнында петропавлдық ардагер В. Павлов, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның өкілі В. Ковалев және тимирязевтік ойыншы Ғ. Шаяхметов жүлделі орындарды бөлісті. Дойбышылар жарысында тайыншалық С. Журавский, уәлихановтық Б. Серікбаев, айыртаулық С. Мұқатаевтың мерейі үстем болды.
Барлық үш ойын түрі бойынша жүлделі орын алған ардагер-спортшылар алтын, күміс, қола медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің ұйымдастыру комитеті жарысқа қатысқан ардагер-спортшылардың барлығына кәдесый таратты. Жарысқа қатысушылар және оны тамашалаған жұртшылық турнирге көңілдері толатынын айтты.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: турнирден көрініс.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.