Шал ақын ауданында мемлекеттік нөмірі болмауына байланысты автопатруль тоқтатқан “МТЗ-82” тракторы полиция бөлімінің арнайы тұрағына қойылды. Себебі, нөмірсіз жүргені аздай, 48 жастағы жүргізуші мас болып шықты.
Алайда, ол медициналық куәландырудан бас тартты. Тракторшы былтыр күзде 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Енді ол ірі мөлшерде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бақи көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
Жамбыл ауданында Қостанай облысының 49 жастағы тұрғыны “Volkswagen Caravelle” автокөлігінің рөліне ие бола алмай, аударылған. Оның да мас екені белгілі болды. Ауруханаға жатқызылған жүргізуші мас күйде көлік жүргізгені үшін бұған дейін екі рет жауапқа тартылғаны анықталды. Екінші жазасынан бері бір жыл да өте қоймапты.
Жыл басынан бері өңір полицейлері мас жүргізушілерге қатысты сотқа 36 іс жолдады. 13 жүргізушінің бас бостандығы шектелді, үшеуі жазасын түзету мекемелерінде өтеуге, екеуі қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың барлығына өмір бойы көлік басқаруға тыйым салынды.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және
сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы.