Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі”, – деп мәртебесін асырған ұстаздар қауымы қашанда сый-құрметке лайық. Адамзат дамуының шамшырағы, білім мен біліктің ұйытқысы да – ұстаз. Мұғалімдер күні қарсаңында шәкірт жүрегіне жол тауып, көпке үлгі болып жүрген білікті ұстаздардың бірі Арман Есмағамбетов жайлы әңгіме қозғамақпыз. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №2 Новоишим орта мектебінде сабақ беретін жоғары санатты мұғалім биыл “Үздік педагог – 2019” байқауында жеңімпаз атанып, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шарада құрметке бөленді.
Арман Рушанұлының ұстаздық еңбек өтілі жиырма жылға жақын. Тарих және қоғамтану негіздерінен сабақ беретін ол пәнді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген. Сонымен қатар “Зайырлылық және дінтану негіздері” факультативтік курсын да жүргізеді. Оқушыларына еліміздің тарихи маңызды оқиғаларын оқытуда үнемі инновациялық, яғни интегративті оқыту технологиясы мен пікірталастарды пайдаланады. Мақсаты – оқушыларды өзара диалог жүргізу арқылы кез келген ақпаратқа сыни тұрғыдан қарауға, дәлелді қорытынды жасауға баулу. Сондықтан да болар, оқушылар оның сабағына асыға келіп, үлкен қызығушылықпен қатысады.
Үздік педагогтың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатынын да айта кеткен жөн. Күндізгі және қашықтықтан өтетін ғылыми-тәжірибелік конференциялардың тұрақты қатысушысы. Аудандық деңгейде өтетін ауқымды шараларда жинаған тәжірибесін әріптестерімен бөлісуді көздеген ұстаз қысқамерзімді курстар, тренингтер мен менторинг форматындағы іс-шараларды жиі ұйымдастырады.
Онымен қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстары “Қазақстан тарихы: мектепте оқыту” журналында және республикалық интернет-ресурстарда жарық көрген. “Метапәндік интеграциясы көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру құралы ретінде”, “Мектеп тәжірибесіндегі дебаттық технологиялар” оқу-әдістемелік құралдарының бірлескен авторы. Білгенін қанағат тұтпай, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздың өңіріміздегі білім саласын дамытуға үлес қосқаны осыданақ көрініп тұр.
Аудан мектептерінде осындай білікті, жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдердің жұмыс істеп жүргені қуантады. Өйткені, соңғы кездері елді мекендердегі білім сапасын жақсартуға, ұстаздардың біліктілігін арттырып, жан-жақты оқытуға айрықша көңіл бөлінуде. Арман Есмағамбетовтен сапалы білім алған оқушылардың дені ардақты ұстаздарының жолын қуып, бүгінде педагог атанып, шәкірт тәрбиелеп отыр. Түрлі олимпиадалар мен байқауларда үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылары да аз емес. Ұстаз үшін өз шәкіртінің жетістігін көруден асқан қуаныш жоқ емес пе?
“Үздік педагог – 2019” байқауындағы жеңісі ең жарқын нәтижелерінің бірі болғанымен, ұстаз республикалық деңгейдегі басқа да жетістіктерімен мақтана алады. Педагогтардың біліктілігін арттыруға бағытталған және жаңартылған бағдарлама бойынша республикалық курстарға қатысқан Арман Рушанұлы Дүниежүзі және Қазақстан тарихы, “Адам. Қоғам. Құқық” пәндері бойынша республикалық олимпиадаларға бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атанған. Ел тарихын меңгерген ұстаздарға арналған “Ұлы даланың жеті қыры” олимпиадасында, “Зайырлылық және дінтану негіздері” курсы бойынша ерекше көзге түсіп, І дәрежелі дипломды иеленді. Сондай-ақ, “Педагогикалық олимп” атауымен өткізілген ІІІ халықаралық байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, бірінші орынды жеңіп алды. Соңғы екі жылда аталған саладағы ауқымды жұмыстары үшін “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хатына ие болды. Уақытын шәкірттерін сапалы білім нәрімен сусындатуға жұмсаған ол “Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін” қоғамдық медалімен марапатталды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.