«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІН ДӘРІ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

Биылдан бастап елімізде мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесі іске қосылды. Алай­да, қоғамда бұл жаңашылдыққа қатысты пікір әр алуан.
Жаңа жүйе іске қосылмай жатып, келең­сіздіктерге тап болған тұрғындар­дың мәселесін кім шешеді? Мәсе­лен, көпбалалы ана Мәншүк Құс­пе­кованың басынан мынадай оқи­ға өтті.

Бес жастағы ұлына суық тиіп, ыстығы көтерілген. Кейін об­лыс орталығындағы емханалар­дың бірінде учаскелік терапевтің қабылдауында болған. Дәрігер тұ­мауға қарсы дәрілерді қабылдауға кеңес берген. Жаңа жылдан бас­тап МӘМС аясында 18 жасқа де­йінгі балаларға тегін дәрі-дәрмек берілуі тиіс. Бірақ көп адамдар бұл же­ңілдікке қол жеткізе алмай отыр. Мәншүк Құспекова да осы келеңсіздікке күйінеді. Мамандардың айтуынша, ба­лаларға тегін дәрі-дәрмек қа­шан берілетіні белгісіз. Елімізде дәрі-дәрмекті жеткізумен бірыңғай дистрибьютор “СК-Фармация” компаниясы айна­лы­сады. Бірақ олар мұндай келеңсіздікті жоюға асығатын емес.
“Баяғы жартас, сол жартас” де­мекші, созылмалы сырқаты бар нау­қастар әдеттегідей жылдың ба­сында дәрі-дәрмек тапшылығына кезігеді. Өйткені, еліміздегі бірың­ғай дистрибьютор дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды са­тып алу бойынша тендерді кеш өт­кізеді. Сондықтан балаларға бе­рілуі тиіс дәрі-дәрмекке ата-ана­лар да қол жеткізе алмай отыр. Об­лыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Тимур Сұлтан­ға­зиевтен мән-жайды сұрап білген едік.
Үстіміздегі жылы өңір тұрғын­да­рын дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету мақсатында бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінген. Жіті респираторлық вирусты инфек­ция, өкпе, жүрек және тағы басқа ау­рулармен сырқаттанған кішкен­тай науқастар алдағы уақытта те­гін дәрі-дәрмекке қол жеткізбек. Өкінішке қарай, оның қай уақытта өңір­ге жеткізілетінінен басқарма бас­шысы да хабарсыз. Ал созыл­малы сырқаты бар науқастар үшін облысқа қажетті дәрі-дәрмектің ал­ғашқы легі қаңтар айының ба­сында жеткізілген.
Міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру жүйесі арқылы тұр­ғындардың компьютерлік то­мо­графия (КТ) мен магнитті-резо­нанс­ты томографиядан (МРТ) те­гін өтуіне мүмкіндік бар. Мұндай ме­­дициналық көмекті сақтандыру жүйесінің қатысушылары алады. Еліміздің өзге өңірлерін айт­пағанда, тұрғындарының саны ал­ты жүз мыңға да жетпейтін біздің облыста диагностикалаудан өту үшін айлап кезек күтуге тура келуде.
– Қазір облыста 2009 жылы са­тып алынған бір ғана МРТ жұмыс істейді. Оның жиі істен шығуына байланысты тұрғындар тексеру­ден өту үшін өзге өңірлердің көме­гіне жүгінетін. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылдың соңында зама­науи МРТ аппаратын сатып алдық. Қазір облыстық ауруханада оны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл кезек санын төрт аптадан екі аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – дейді облыстың бас дә­рігері.
Өткен жылы ескі құрылғы­ның істен шығуына байланысты науқастар біраз сандалған еді. Сол себепті жыл соңына дейін об­лыстық онкологиялық диспан­серде тағы бір МРТ аппараты ор­натылады.
Қазіргі таңда біздің өңірде бес компьютерлік томограф бар. Со­ның біреуі өткен жылдың тамыз айында сатып алынды. Қазір атал­мыш құрылғы облыстық аурухана­да тұр. Қалғандары онкологиялық диспансерде, облыстық балалар және көпбейінді қалалық ауруха­на­ларда жұмыс істейді. Тайынша аудандық ауруханасында да дәл осындай аппарат орнатылды. Бюд­жет қаржысы есебінен 2021 жылы тағы бір компьютерлік томограф сатып алынады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қорының мәліметі бойынша, томографтардың саны жеткілікті. Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында үшін­ші МРТ аппаратын алу жос­парда бар. Қазір конкурстық құжат­тар әзірленуде, – деген Тимур Сұл­танғазиев міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінің тиімділігін тілге тиек етіп, жаңа жобаның нәтижесін алдағы уақытта көретінімізді айт­ты. Сондықтан әліптің артын баға­йық.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp