«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕГІН КӨРСЕТІЛУІ ТИІС

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында медициналық және фармацевтикалық көмек көрсету мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау жүргізілді. Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық бойынша департаментінің басшысы Батырбек Нұрғалиев қабылдауға келген азаматтардың өтініш-тілектерін қарастырмас бұрын оларға енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жайында айтып берді.

Департамент басшысына алғашқы болып өз сауалын жолдағандардың бірі петропавлдық Айзада Рахметова болды. Оның отбасы облыс орталығындағы “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекемесіне бекітілген. “Әкем осында ЭКГ өту керектін. Бірақ аталмыш мекеме оны басқа ауруханаға жолдап, әрі бұл қызметтің ақылы болатынын айтты. Үшінші топтағы мүгедек неге қарапайым ЭКГ өту үшін ақша төлеуі тиіс? Екінші бір мәселе, анам сараптамаларын “Олимп” зертханасына ақылы түрде тапсырды, сондай-ақ, ауруханада рентген жасату да тегін болған жоқ. Бұл мақсатқа қаржы бөлінбей ме?” – деген сауал қойды ол. Батырбек Нұрғалиев бұл жерде заңның өрескел бұзылып отырғандығын атап көрсетті. Департамент басшысының айтуынша, бұл әрекеті арқылы аталмыш мекеме медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі талаптарын сақтамай отыр. Емханаға бекітілген тұрғындарға, мүгедектерге барлық медициналық қызмет түрі, соның ішінде диагностикалық тексерілу тегін көрсетілуі тиіс.

Азаматтар тарапынан медициналық сақтандыру мәселесіне орай сауалдар көп түсті. “Біздей адамдардың ауруханаға жиі баратыны белгілі. Аталмыш жүйе бойынша зейнеткерлер де қорға қаражат жинауға міндетті ме?” – деп сұрады Тұяқбай Рамазанов. Департамент басшысының жауап бергеніндей, зейнет демалысына шыққан адамдар толығымен мемлекет қамқорлығында. “Қазақстандықтардың біраз бөлігі әлеуметтік аз қамтылған санатқа кіреді. Сол себепті қорға қаражат жинау әзірге мемлекет тарапынан жүргізіледі. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі артқан жағдайда тұрғындарды толығымен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете аламыз”, – деді Батырбек Амангелдіұлы. Қосымша қаржы түскен жағдайда сырқаттар тізімі кеңейтіліп, емделушілер тегін рецептке қол жеткізуі мүмкін.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp