Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасының 2019 жылғы атқарған жұмыстары сараланды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және саланы дамыту бағытында тындырымды істер атқарылды.
– Былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасына 800-ден астам өтініш-тілек түсті. Олардың 86-сы бизнесті қорғау, яғни тексерістерді жиілеткен мемлекеттік органдарға қатысты болды. Нәтижесінде әкімшілік кедергілер жойылып, 59 мәселе оң шешімін тапты. Ал қалғандары республикалық мәселелер тізіліміне енгізілді, – деді Жеңіс Қазиев.
Палата өкілдері әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер құқығын қорғау, жобаларды қолдау және адами капиталды дамыту сынды бірнеше бағыттар бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, былтыр палата заңгерлері 300 млн. теңгеден астам шығынға батқан бизнес қауымдастық өкілдерінің құқығын қорғаған.
Бизнес өкілдері жөнсіз тексерістерге көп шағымданған. Оның ішінде салықтық, лицензиялық алым, кассалық машиналарды бақылау бойынша тексерістер жиі орын алады. Мұның барлығы кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасаған азаматтар үшін кедергіге айналып отыр.
Кәсіпкерлікті дамытуда күрмеуі қиын өзге де мәселелер аз емес. Атап айтқанда, былтыр сатып алынған минералды тыңайтқышқа берілетін демеуқаржыны ала алмаған шаруашылықтар палатаның көмегіне жүгінген. Бұл мәселе “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Бас прокуратураның араласуымен шешімін тапты.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Қуанова өз сөзінде былтыр 16 отырыста 28 мәселе қаралғанын жеткізді. Жергілікті атқарушы органдарға жіберілген 47 ұсынымның 41-і қолдау тапты.
– Біздің өңір Ресей Федерациясының облыстарымен шектеседі. Шекара арқылы тауарларын өткізе алмаған кәсіпкерлердің мәселесі жиі қаралды. Мәселен, “Жаңажол” шекара бекетінің қызметкерлері “Мозговой центр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне құбырларын Ресейге шығаруға рұқсат қағазын рәсімдеуден бас тартқан. Бір ай бойы табанынан тозған кәсіпкерге біздің кеңестің мамандары көмекке келді. Жүргізілген тексеріс барысында шекарашылардың кәсіпкерлерге заңсыз әкімшілік кедергілер жасағаны анықталды, – деді Инесса Қуанова.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері былтыр ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотпен бірлесіп, “Кәсіпкер вебинары” атты онлайн жобаны жүзеге асырған. “Facebook” әлеуметтік желісіндегі “СҚО және Петропавлдағы бизнес” іскерлік парақшасындағы дәріс барысында спикерлер заңнамадағы өзгерістер, шағын және орта кәсіпкерлік саласында орын алған мәселелер бойынша түсініктемелер беріп отырған. Өткен жылы жалпы 14 вебинар өткізілген. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табады.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.