“QYZYLJAR” телеарнасының солтүстікқазақстандықтар өмірінде алатын орны ерекше. Өңіріміздің жылт еткен жаңалықтары мен әлеуметтік-экономикалық дамудағы өзгерістерін көзі қарақты көрерменге жеткізіп, қалтқысыз қызмет етіп отырған аймақтың бас арнасына 60 жыл толды. Айтулы мерейтойға орай телеарна директоры Ерлан Тоқшылықпен сұхбаттасып, әрбір үйдің төрінде тұрған көкжәшіктің бүгінгі қоғамдағы орны туралы әңгіме өрбіттік.
– Ерлан Бейсенұлы, бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Кешегі күндердің куәсі – “QYZYLJAR” телеарнасының өткені мен бүгініне тоқталып өтсеңіз.
– Облыстық телеарнаның тарихы сонау 1959 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті Петропавлда телеорталық құру туралы шешім қабылдап, телемұнара мен орталық ғимарат құрылысы басталған. Облыстық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаровтың арқасында бұл жұмыстар қарқын алып, 1960 жылы Петропавл телестудиясының алғашқы хабары эфирге шықты. Облыстық телеарнаның бастауында тұрған журналистер, операторлар мен режиссерлер түсірген Петропавл қаласы туралы тұңғыш фильм, №2 жылу-электр орталығының құрылысы, тың игерушілер, соғыс кезінде шаһарға көшірілген зауыт жұмысшылары, жергілікті өнер ұжымдары туралы таспадағы хроника қазір архивте сақтаулы. 1972 жылы алғашқы жылжымалы телевизиялық станция алынып, осы кезден бастап көрермендер айтулы оқиғаларды тікелей түсірілім арқылы көру мүмкіндігіне ие болды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары телеорталық жаңа қондырғылармен жабдықталды. Петропавл хабарлары “Қазтелерадионың” хабар тарату жоспарына енгізіліп, республикалық деңгейде көрсетіле бастады. 1985 жылы қазақ телевизиясының тарихында алғаш рет Петропавл телестудиясы ғарышпен тікелей байланыс орнатты. Көрермендер ғарыш кеңістігінде жүрген жерлесіміз Александр Викторенкомен көгілдір экран арқылы тілдесті.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағы тарихта тоқырау кезеңі ретінде есте қалды. Ұжым нарықтық экономикаға бейімделіп, жаңаша жұмыс істеуге үйренді. Шығармашылық бірлестік негізінде жаңа коммерциялық топ құрылып, түрлі хабарлар жасай бастады. 1993-1997 жылдар аралығында облыстық телерадиокомпанияға Мүтәллап Қанғожин төрағалық етті. Осы жылдары ұмыт қалған халықтық мерекелер жаңғыртыла бастады. 1993 жылы ел көлемінде Алаштың асыл перзенті, ақиық ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Облыс орталығы мен ақынның туған жері – Сарытомар ауылында алты Алаштың басы қосылып, қайраткерге арналған ескерткіш бой көтерді. Осы шаралардан Петропавл телестудиясы 50 минуттық арнайы репортаж дайындап, оны спутниктік канал арқылы Алматыға жіберді. Келесі күні ол бүкіл Қазақстан бойынша көрсетілді. Ақынның торқалы тойы арнайы алдырылған жаңа қондырғылардың көмегімен түсірілді.
Өздеріңізге белгілі жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан тұста біздің өңірдің құрамына көршілес Ақмола облысының бірқатар аудандары қосылды. Көкшетаудағы телестудияның жабылуына байланысты Қызылжарға қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі журналист Кәрібай Мұсырман бастаған бір топ журналист келді. Сол жылы телеорталықтың ескі ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал 2003 жылы біздің арнаның сандық дәуірі басталды. Ескірген жабдықтар жаңартылды. 2004 жылы “Қазақстан-Петропавл” телерадиокомпаниясы республика бойынша ұйымдастырылған телекөпір барысында алғаш рет Елбасымен тікелей байланысқа шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын жалпы аумағы екі жүз шаршы метрді құрайтын телестудияның жарық құралдары жаңартылып, жылжымалы телевизиялық станция сатып алынды. Оның көмегімен жалпыұлттық телекөпірлер, облыс аумағындағы маңызды оқиғалар мен мәдени, спорттық шараларды ақпараттық сүйемелдеу мүмкіндігі туды.
– Тарихты жасайтын адам. Телеарнаға еңбегі сіңген қызметкерлер арасынан кімдерді ерекше атауға болады?
– Өңірлік телеарнаның қалыптасуы мен дамуына аға буынның сіңірген еңбегі айрықша. Алпыс жылдық тарихы бар арнада Мүтәллап Қанғожин, Жарасбай Сүлейменов, Кәрібай Мұсырман, Амандық Жантеміров, Сабыржан Әбілмәжінов, Балтабай Дайыров, Нұрсайын Шәріп, Жақсыбай Самрат, Вениамин Яковлев, Юрий Ченченко, Анатолий Гаврилов, Раиса Бикмухаметова, Наталья Хоменкова сияқты қаламы қарымды журналистер еңбек етті. Әсіресе, басшылық қызметте болған азаматтардың орасан еңбегін тілге тиек еткен жөн. Жаңыл Аяпбергенова, Бүркіт Бекмағамбетов, Николай Бровкин, Халима Дауытова, Валентина Малюкова, Лев Соловьев, Валерий Гудков, Рахима Жұмабаева, Владимир Спиридонов сынды алғашқы дикторлардың есімдерін де мақтанышпен айтуға болады. Екі жыл бұрын ел болып қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойын атап өттік. Әрине, оның дамуына өңірлік телеарнаның қосқан үлесі зор. Осы ретте қазақ телевизиясының жан-жақты өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан жерлесіміз Совет Масғұтовты ерекше атап өтуге болады. Ол – қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі. Білімді де білікті телевизия майталманы КСРО-дағы таңдаулы жүргізушілердің бірі болды. Қазақ телевизиясының дикторы, алғашқы тележурналист атанған жерлесіміздің өнегелі өмір жолын бүгінде арнамыздың жас тілшілері үлгі етеді.
– Телеарнаның атауы өзгергенін көрермен көріп-біліп отыр. Атауы ғана емес, бағдарламалардың мазмұны да жаңарған шығар?
– 2017 жылы ребрендинг аясында телеарна “QYZYLJAR” атауын иеленді. Бүгінде облыстық телеарна уақыт талабына сай дамып, өркендеп келеді. Бұл ретте өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен “QAZAQSTAN” РТРК” АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айрықша қолдауын сезінудеміз. Жергілікті хабарлар бұрынғыдай қала мен облысқа ғана емес, “Отау ТВ” спутниктік желісі арқылы бүкіл республикаға тарайды. Күніне 14 сағат хабар таратамыз, оның басым бөлігі арна тілшілерінің төл өнімдері екенін айтқан жөн. Қазір өңірдегі қазақ телевизиясының қарашаңырағында 74 адам еңбек етеді. Соның ішінде жартысы – телебағдарлама әзірлеумен айналысатын шығармашылық ұжым.
– Бүгінде телеарнада жұмыс істейтіндердің дені – жас тілшілер. Жалпы арнаға келген жастарға қандай талап қойылады?
– Белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда “жегені – жантақ, арқалағаны – алтын” журналистер халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, қоғам тынысы мен руханиятынан хабар таратады. Сондықтан тілшілердің тынымсыз еңбегі үлкен ізденістен, жауапкершіліктен, еңбекқорлықтан тұрады. Әр саланың қиындығы мен қызығы болатынын ескерсек, бұл – журналистикаға да тән құбылыс. Журналист – шығармашыл тұлға. Ең алдымен, тілшіге қойылатын талап – шығармашылық қабілетінің болуы. Телеарна тілшісінің сөйлеу мәнері, тіл тазалығы, ой ұшқырлығына ерекше мән беріледі. Сөзге шешен, білімді, айтар ойы анық болуы тиіс. “Айтылған сөз – атылған оқпен тең” деп бекер айтылмаған. Сондықтан бұл салада қателесуге жол жоқ. Ал телебағдарлама жасауда тілшіге қойылатын басты талап – көрерменге сапалы материал ұсыну. Бағдарлама мазмұнына үлкен мән беріледі. Бүгінде көрерменді қызықтыру, таңғалдыру қиын. Қазір ақпарат көп. Сол себепті әр ақпараттың шынайылығына назар аударып, бағдарлама түсіруде лайықты кейіпкер таңдауға баса мән беріледі.
– Қазір сандық технология дәуірі. Алпыс жылдық тарихы бар телеарнаның техникалық мүмкіндігі қандай?
– Телеарнаның техникалық базасы туралы айтар болсақ, 2018 жылдан заманауи хабар тарату стандарты – 16/9 форматында жұмыс істей бастадық. Сонымен қатар бейнекөрсетілімнің сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілді. Осыдан бірер жыл бұрын облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен 15 миллион теңгеге виртуалды 3Д студия жасауға мүмкіндік беретін “TriCaster” көпфункционалды жүйесі сатып алынды. Оның көмегімен “Сұхбат”, “Из первых уст”, “Аграрлы аймақ”, “АПК. Горизонты развития”, “Денсаулық”, “Қазақстан тынысы” мен тағы басқа бағдарламалар жасалды. Өткен жылы павильонға бейнеқабырға (видеостена) сатып алынды, оның көмегімен жаңалықтар студиясын жаңарттық.
– Қазіргі қазақ телевизиясына қандай бағдарламалар қажет немесе бүгінде теленарықта не сұранысқа ие?
– Телеөнім – тілшілер мен операторлардың, техникалық қызметкерлер мен режиссерлердің ортақ еңбегі. Телеарнада жұмыс істейтіндердің дені – шығармашылық адамдар. Сондықтан оларды белгілі бір қалыпқа салу мүмкін емес. Табысты жұмыс істеуге жағдай жасалғанда ғана жақсы нәтижені күтуге болатынын естен шығармауымыз керек. Бізде қазір отыздан астам бағдарлама бар. Олар түрлі саланы, түрлі жастағы көрерменді қамтиды. Өз аудиториямыз бар. Бізді негізінен ауылдардағы көрермендеріміз үзбей көреді. Рухани құндылықты насихаттайтын, танымдық-тәрбиелік маңызы зор бағдарламалардың бірі – “Рухани қазына”. Авторы – Берік Қасен. Ұлттық құндылықтарды, адам бойындағы ізгі қасиеттерді – адамгершілікті, қайырымдылықты, адалдық пен әділеттілікті, ар-намысты ұлықтайтын бұл бағдарлама айына екі рет көрерменге жол тартады. “Жылқы – қазақтың киесі”, “Халық мұрасын жаңғыртушы”, ұлттық педагогика, ұлттық психология тақырыптарында бағдарламалар жарық көрді. Бұл орайда “Руханият” бағдарламасының мәні мен маңызы зор. Онда дін мен дәстүр, адалдық, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, қарыз бен парыз сынды адамға ой салатын тақырыптар қамтылады. Бағдарлама жүргізуші – жас журналист Нұрбол Балғабековтің ізденісі құптарлық. Осындай бағдарламалар қоғамның сұранысына әрқашан ие. Тәрбиелік мәні зор бағдарламадан көрермен тағылым алса, сол ғанибет. Жалпы бағдарламалардың тартымдылығына, танымдық, тағылымдық мәніне әр кез ден қойылады.
– “QYZYLJAR” телеарнасы жас тілшілердің ұстаханасы десе де болатындай. Еңбек жолын осы жерден бастаған тілшілер республикалық арналарда жемісті жұмыс істеуде. Осының сыры неде?
– Ешқандай құпия жоқ. Тележурналистердің алдыңғы легі қалыптастырған сара жолды қазіргі жас буын лайықты жалғастырып жүр. Қаламын ұштап, талабын шыңдаған талай жас облыстық телеарнадан қанат қақты. Бүгінде олар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүр. Соның ішінде Индира Жылқайдарова, Альбина Әшім, Жасын Біркенов, Эльвира Найманбаева, Әйгерім Құсайынова, Анна Ткаченконы айтуға болады. Кезінде телеарнаның “отымен кіріп, күлімен шыққан” Нәзира Құрманкина, Наталья Варова, Ләззат Салықова сынды зейнеткерлеріміз жастарға үлгі. Сағындық Мауғазин (“Qazaqstan” телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі), Баян Қалиева, Ақерке Қабыкеева, Ләззат Байқажы, Ирина Купина, тағы басқа әріптестерімнің абыройлы еңбегін де атап өткім келеді. Бірақ телеарна тек тілшілерден ғана тұрмайды. Кадрдың сыртында қаншама адам жұмыс істейді. Мәселен, бүгінде зейнет демалысындағы Баян Баймұқанова, Күннар Қабдушева, Кәмила Әлібаева сияқты режиссерлерді қалайша айтпасқа. Техникалық қызметкерлердің де әрқайсысының өз орны бар.
– Шығармашылық ұжымның ұстанған бағыты қандай? Алда тұрған ауқымды жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Телеарна хабар таратуда Петропавл қаласы мен облыс орталығынан 50 шақырым жердегі елді мекендерді қамтиды. “Отау ТВ” жерсерігі, кабельдік жүйе операторлары мен “Қазақтелеком” АҚ-ның “ID TV” өңірлік пакетіне біздің арна енген. Ғаламтор қолданушылары кез келген жерде жаңалықтар мен бағдарламаларды www.Petropavltv.kz сайты арқылы онлайн тамашалай алады. Заман талабына сай, ғаламтордың мүмкіндігін кеңінен пайдаланудамыз. Бүгінде әлеуметтік желілерде телеарнаның жеке парақшалары бар. “YouTube” арқылы телеарнамызды тамашалайтын көрермендердің қатары қалың.
Арнаның радиохабар тарату жүйесі күнделікті (жексенбі мен мереке күндерінен басқа) жұмыс істейді. Алғашқы жиырма минутта “Қазақ радиосы” толқынында хабар таратса, кейін жеке толқында жаңалықтармен бөліседі.
Телеарнаның алға қойған міндеттерінің бірі – сұранысқа ие сапалы контент жасау. Бірлігі жарасқан ұжымның жеткен жетістігі көп. Алда тұрған ауқымды міндеттер де аз емес. Биыл елімізде бірқатар айтулы оқиғалар аталып өтілмек. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай елді жаудан қорғап, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз туралы “Жеңіске – 75 жыл”, кемеңгер ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған “Абай – 175 жыл”, “Телевизия – өмірім” бағдарламаларын дайындап, эфирге шығара бастадық. Қазір уақыт үрдісіне сай көрермендердің жүрегіне жол табатын, халықтың көкейкесті мәселелерін көтеретін хабарларды беруге тырысудамыз. Одан басқа Үкілі Ыбырайдың 160 жылдығы, Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына орай арнайы хабар түсірмекпіз. Алпыс жылды артқа тастаған телеарнаның мерейтойын сән-салтанатымен атап өту көзделуде. Оның аясында спорттық жарыстар мен салтанатты кездесулер ұйымдастырылып, конференция, флеш-моб сынды түрлі іс-шараларды өткізу жоспарлануда.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
(“QYZYLJAR” телеарнасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы фоторепортажды 16-беттен көре аласыздар).