Теректің мамығы – қалалар мен ауылдардың нағыз соры. Ағаштың бүршік жарып, гүлдеген кезіндегі “жазғы қар” ауланың түкпір-түкпіріне жиналады. Лапылдап тез жанып, тез тарайтын оның қызуы да жетерлік. Әп-сәтте тұрғын үйді немесе саяжай үйін отқа орауға қауқары бар.
Ұшқыннан от алатын мамық өте қауіпті, өйткені, оның енбейтін жері жоқ. Күшті желде он екінші қабатқа дейін көтеріледі. Нөсер жаңбыр жауса, одан құтылдық деп қуанамыз. Бірақ ол оны жерге жапсырып қана тастайды, күн ысыған кезде қайта көтеріліп, бұрынғы жанғыш қасиетін қайта табады. Кейде облыстың өртсөндірушілері күніне осындай 20-30 от ошағына шығады. Одан зардап шегіп, жиған-тергендерінен айырылып, жер сипап қалып жатқандар да жоқ емес.
Әсіресе, мамық ағаштан және басқа жанғыш заттардан тұрғызылған қонысжайларға қауіпті. Оған жол бермеу үшін ауланы және оның төңірегін осы қауіпті кезеңде таза ұстап, мамық басқан жерлерге әлсін-әлсін су шашып, бақылауға алған жөн. Балалардың отпен ойнауына жол бермеу керек. Кәсіпорындар мен мекемелер де қауіпсіздік шараларынан сырт қалмауға тиіс. Дәнекерлеу және басқа да отты жұмыстарға қатаң бақылау қою қажет. Темекі тартатын орындарда сақтық шаралары жасалып, от алауын жағуға және қоқыс өртеуге тыйым салынады.
Арман САБЫРОВ,
Ақжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің
аға инженері, өртке қарсы күрес қызметінің майоры.