Өңірімізде суға шомылу маусымы бастала қоймаса да, бос уақытын өзен-көлдердің жағасында өткізетіндер аз емес. Өкінішке қарай, қауіпсіздік ережелері сақталмай, демалыс қайғылы аяқталып жатады.
Ереже бойынша тек рұқсат етілген жерлерде ғана суға шомылуға болады. Ал ағысы қатты, терең жерлерде, жалғыз әрі түнде суға түсуге тыйым салынады. Өйткені, оқыс оқиға бола қалған жағдайда біреудің көмекке келуі екіталай. Шомылардың алдында судың температурасын тексеріп алған жөн. Суық судан сіңір тартылып, бұлшық еттер жансызданып қалуы мүмкін.
Балық аулап, суға шомылған кезде “ащы суды” сіміру адам өміріне төнетін қауіпті арттырады. Ал қайықта міндетті түрде құтқарушы жейдесі мен шеңбер болуы қажет. Суға батып бара жатқан адамға арт жағынан келіп, кеудесінен құшақтап немесе шашынан ұстап шығару керек. Балаларды су айдыны маңына ересектердің қарауынсыз жіберудің де арты өкінішке ұласады. Сондай-ақ, өзен-көлдердің жағасында демалу кезінде ата-аналар балаларынан көз жазып қалмаулары қажет.
Мұрат ҚАНҒОЖИНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы.