«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙДЕГІ ТЕАТР ТОЙЫ

Теріскей өңіріндегі қазақ өнерінің қасиетті қарашаңырағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ саз­ды-драма театрының шымылдығы алғаш түрілгелі бері 25 жыл өтіпті. Өнер ордасы­ның ширек ғасырлық тойына орай Қызыл­жарда бірқатар іс-ша­ра ұйымдастырылып, жұртшылық мерекелік кешке куә болды.

Театр тойына жиналғандар ал­дымен руханият ордасына есімі берілген Сәбит Мұқановтың ру­хына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Qyzyljar Creative Center»-де «Тамырын те­реңнен алған Сәбең театрының дара жолы» тақырыбында конфе­ренция өтті. Іс-шараға жиналған­дар өңірдегі театр өнерінің тари­хына тоқталып, 25 жылдағы жетістіктерді қорытындылады. Конференцияға белгілі өнертану­шылар, театрдың негізін қалаушы өнерпаздар мен аға буын өкілдері қатысты.

1999 жылы сол кездегі Темір­бек Жүргенов атындағы театр және кино институтының Татьяна Қасымқызы, Есмұқан Обаев, Та­лас Камасиұлы сынды сахна май­талмандарының тәлімін алған бір топ студенті арнайы шақыртумен Қызылжарға бет бұрған еді. 6 жел­тоқсан күні режиссер Оразалы Ақ­жарқын-Сәрсенбек ерткен бір топ қыз-жігіт мінген пойыз теріскей вокзалына келіп тоқтады. Әуел баста Н.Погодин атындағы об­лыстық орыс драма театрының қабырғасында еңбектенген өнер ұжымы 2000 жылдың көктемінде жаңа ғимаратқа көшті.

Теріскейдегі бекзат өнердің та­рихы ширек ғасырмен шектел­мейді. Өткен ғасырда өңірде өнер ордасы жұмыс істеп, қазақ театры­ның қазығы қағылған. Бұл туралы Темірбек Жүргенов атындағы қа­зақ ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева баяндады. Зерттеушінің сөзінше, қазақ даласындағы алғашқы өнер ошақтары ХІХ ғасырдың соңында ашыла бастаған. 1919 жылы Қызылжарда жастар ұйымы ұйым­дастырған театр үйірмесі жұмыс істегені туралы деректер бар. Қа­ладағы қазақ театры ең алғаш 1936 жылы ашылған. Оған жер-жерден өнерлі жастар қабылданыпты. Олардың жергілікті көрерменге Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шол­пан», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойылымдарын ұсынға­нын архив сөрелеріндегі құжаттар дәлелдейді. Жастар ауыл-ауылды аралап, спектакльдер мен кон­церттер қойған. Алайда игі істің адымы қысқа болып, тоталитар­лық жүйе театр қызметкерлерін де нысанаға алады. 1938 жылы атал­ған ұжым Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына көшірілген.

Бекзат өнердің шоғы ғасыр ба­сында қайта тұтанып, Қызылжар­дың рухани өмірі жанданып, жаңа театр ашылды. Ербол Шүкіров, Біржан Жалғасбаев, Баатырбек Шамбетов, Аида Сұпатаева, Тал­ғат Сыдықов, Болат Мамытбеков, Кенжекей Ақжолова, Шолпан Айтыбаева сынды дарынды жас­тар өнер әлеміндегі алғашқы қада­мын Қазылжарда аттап, жас театр­дың іргелі руханият ордасына ай­налуына елеулі еңбек сіңірді. Со­дан бері Сәбең атын иеленген ұжым жұртшылықты ойлы туын­дыларымен, құнды қойылымда­рымен қуантып келеді.

Конференцияда қызылжар­лықтарды айтулы мерейтоймен облыстық мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасы­ның басшысы Досбол Әбдірейісов құттықтады. Іс-шарада сөз алған облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев театрдың ашылу тарихы туралы әңгіме қоз­ғап, осынау игі іске атсалысқан Қажымұрат Нағманов, Қуат Есім­ханов сияқты азаматтарды еске алды. Ақшаның тапшы, заманның тар кезінде жөндеу көрмеген ғи­мараттан өнер сарайын жасап, оған мамандар тартып, ішін кө­рерменге толтыру сол кездегі ел тізгінін ұстаған азаматтарға оңайға соққан жоқ.

Жаңадан ашылған театрға режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәр­сенбек басшылық етіп, жастарды ортақ мүдде жолына жұмылдыр­ды. Сол кездегі қиындық пен қы­зықтың бәрін бастан өткерген жанның айтары да көп.

«Театрда әр күн сайын бір оқи­ға болып жататын. Оның бәрі есімде. 25 жыл бұрынғы ұжымның жұмысы мұхитта мұз жарып бара жатқан кемені еске салады. Жас­тардың өнерге деген ынтасы соншалық, қойылымға таңғы сағат төртке дейін дайындалатынбыз. Әртістерге сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағманов көп қолдау көрсетті», – дейді Оразалы Ақ­жарқын-Сәрсенбек.

Конференцияда Қызылжарда­ғы қазақ театрының өткені мен бүгінінен сыр шертетін кітаптың тұсауы кесілді. Жинақтың авторы – өнертанушы Балжан Бекмаған­бетова.

Кешкісін театр ғимаратында мерейтойлық концерт өтіп, жұрт­шылық мерекелік кештің куәсі болды. Залға жиналған көрермен 25 жыл бұрынғы сағынышқа толы сәттерді қайта еске алып, сол кез­дегі алғашқы өнер ұжымын құр­мет-қошеметпен қарсы алды. Ширек ғасыр өтсе де қызылжар­лық ағайынның сүйікті өнерпаз­дарына деген ықыласы суымапты.

Ширек ғасыр ішінде өнерпаз­дардың ізденісі арқасында жүзден аса туынды сахналанып, жаңа бейнелер көрерменмен қауышты. Бірнеше жыл бұрын жаңа ғима­раттың шымылдығы түріліп, театрдың екінші тынысы ашылды. 2023 жылы театр ұжымы Грузия­дағы ІV халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, «Кукарача» қойылымы «Ең үздік интерпрета­ция» аталымын иеленіп, актриса Жанар Насырова «Үздік шетел актрисасы» атанды. Театр жанынан құрылған «sensitive» би театры Испаниядағы халықаралық фес­тивальде бас жүлде еншіледі. Ал Ресейде өткен моноспектакльдер фестивалінде Думан Адыкенов сахналаған «Жындының жазбала­ры» қойылымы жоғары бағала­нып, актер Асылхан Разиев жүл­делі үшінші орынға ие болды. Театр қабырғасындағы «Шабыт» би ансамблі Алматыда халықара­лық би байқауында бірінші, екінші орындармен марапаттал­ды. Биыл Түркістанда өткен «Қа­зақтың Құрманбегі» фестивалінде «Мөлдір махаббат» драмасы бас жүлдеге лайық деп танылды.

Мерейтойлық концертте өнер ұжымын мерейлі белесімен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ке­ңесов құттықтап, өңір басшысы­ның құттықтауын оқып берді.

«Сіздерді 25 жылдық мерей­тойларыңызбен құттықтаймын. Жаңа мыңжылдықтың басында құрылған театр – өңірдің рухани шамшырағы әрі ұлттық өнерді дамытуға баға жетпес үлес қосып келе жатқан маңызды мәдени ор­талық. Сіздердің қойылымдары­ңыз терең мағынасымен, шына­йылығымен және жоғары кәсіби шеберлігімен көрерменді тәнті етіп келеді. Театр әртістері көпте­ген халықаралық фестивальдердің лауреаты атанып, ел мақтанышы­на айналды», – делінген облыс әкімінің құттықтауында.

Іс-шарада көпжылдық еңбегі үшін театр ардагері Рашида Иб­раева «Еңбек ардагері» медалімен, бас маман Динара Қаратаева, акт­риса Мақпал Серкебаева «Мәде­ниет саласының үздігі» төсбелгісі­мен марапатталды. Театр ардагері Ғалия Жұмағұлова, менеджер Қайрат Асылтаев, қойылым бөлімінің меңгерушісі Сержан Емелов, көркемдік жетекші Дәу­рен Тойбазаров облыс әкімінің Алғыс хатын, бас дирижер Марат Жакупов, комендант Ләззат Ка­зиева, реквизит цехының меңге­рушісі Ақтілек Балқыбекова және т.б. мамандар бейінді басқарма­ның Алғыс хатын иеленді. Мерей­тойға орай өнер ұжымына Мәде­ниет және ақпарат ми­нистрлігінің, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің құттық­тауы табысталды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp