Егін егетін мезгіл жақындаған сайын диқандар көктемгі науқанға қызу дайындық үстінде. Қызылжар ауданындағы «СК-Вагулинское» серіктестігі егіске сақадай сай. Агроқұрылым биыл 11 мың гектар алқапқа дән екпек. Маңызды жұмысқа 30-ға жуық тегеурінді техника дайын тұр. Өткен жылы машина-трактор паркі толығымен жаңартылған. Мамандарға құбылып тұрған ауа райы ғана кедергі болуда.
«СК-Вагулинское» ЖШС-ның бас агрономы Ерғали Табылдиновтың айтуынша, биыл 8 мың гектар алқапқа бидай, 2 мыңына майлы дақыл егу жоспарланып отыр. Қалғаны мал шаруашылығына қажетті жемшөпке арналған. Компания үстіміздегі жылы Ресейден 150 тонна элиталық тұқым әкелген.
Ылғал жабу жұмыстарымен айналысып жатқан серіктестік қазіргі таңда маңызды шаруаға 7 техника мен 15 адамды жұмылдырған.
– Биыл бірінші рет жасымық егеміз. Ауа райы қолайлы болса, маңызды науқанды айдың соңында бастауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы орташа есеппен гектарынан 30 центнер өнім алғанбыз. Биыл бұл көрсеткішті 20 пайызға көтергіміз келеді, – дейді «СК- Вагулинское» ЖШС-ның бас агрономы Ерғали Табылдинов.
Шаруашылық басшылығының сөзінше, серіктестікте жұмыс істейтін 100-ден астам жұмысшыға барлық жағдай жасалған. Егіс пен орақ науқанында аянбай еңбек еткен жандарға сыйақы да берілмек.
«СК-Вагулинское» ЖШС ауыл ішіндегі абаттандыру жұмыстарына қолдау көрсетіп, спорттық және мәдени шараларға демеушілік жасайтынын айта кеткен жөн.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».