Петропавл қаласындағы Спорт сарайында “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдығына орай шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – “Soltústik Qazaqstan” газетінің тарихына қысқаша тоқталып, командаларға сәттілік тіледі.
Спорттық шараға қатысушылардың арасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің журналистика мамандығын таңдаған студенттері де болды. Аудандық газеттердің өкілдері бірігіп, “Районка және К” атауымен сайысқа түсті. Сондай-ақ, облыстық филармонияның өнерпаздары мен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері де қаламды өмірлік серік еткен қарашаңырақ ұжымының қуанышына ортақтасты.
Жеребе тасталғаннан кейін командалар олимпиадалық жүйе бойынша сынға түсті. Ережеге сәйкес әр таймның ұзақтығы 10 минутты құрады. Турнирдің шымылдығын “Qyzyljar” мен “Қазақ театры” командалары түрді. Тартысты әрі қызықты өткен бұл ойында әртістер қарсыластарын 1:0 есебімен ұтты.
– Ауылда газет оқып өскен баламыз ғой. Қызылжар өңірінің жетістіктері мен жақсы жаңалықтарын жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізуде “Soltústik Qazaqstan” газетінің үлесі зор. Біз, өнер адамдары, өңірдің тарихын газет бетінде бедерлеген ұжыммен әріптестік байланыстамыз. Сондықтан бүгінгі сайысқа қуана қатысып отырмыз. Қарсыластарымыз мықты, барлығы да жеңістен дәмелі. Сондықтан үздіктер қатарынан көрінуге барымызды салудамыз, – деді С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі Дулат Тәшкен.
Бұдан кейін алаңда “Филармония” мен “МТРК” командалары сынға түсті. Бұл кездесуде де өнерпаздардың жолы болды. Жиырма минуттың ішінде қарсыластың қақпасына жауапсыз үш доп соққан өнер иелері келесі айналымға өтті. Аудандық газет тілшілері мен болашақ журналистер арасындағы ойын тең аяқталып, жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Бұл сында жастар ағаларына жол берді. “Soltústik Qazaqstan” газетінің командасы мен республикалық БАҚ өкілдерінен құралған “Қалам қырандары” командалары арасындағы матч соңғыларының жеңісімен аяқталды. Есеп – 2:6. Жартылай финалда облыстық филармония командасы театр ұжымын ұтса, “Қалам қырандары” аудан тілшілерінен басым түсті.
“Қазақ театры” мен “Районка және К” құрамалары арасында үшінші орын үшін болған ойын өте тартысты өтті. Кездесу барысында қос команда өкілдері де бір голдан соқты. Жеңімпаз пенальти сериясы барысында анықталды. Үш мүмкіндіктің екеуінде мергендік танытқан аудан өкілдері қола жүлдеге ие болды. Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Magjan juldyzy” газетінің шеф-редакторы Еркебұлан Елубаев футбол турнирлеріне үзбей қатысып келе жатқандарын айтты.
– Біз – жыл сайынғы журналистер спартакиадасы аясында өтетін футбол сайысында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген тәжірибелі командалардың біріміз. Бүгін сынға түсіп жатқан жігіттердің барлығы – ала допты серік еткендер. Қарашаңырақтың 100 жылдығына арналған шағын футбол турнирі біз үшін оңай болды деп айта алмаймын. Үшінші орын үшін матчтағы қарсыласымыз – театр әртістері өздерінің осал емес екендіктерін дәлелдей білді, – деді Еркебұлан Елубаев.
Финалдық ойын “Қалам қырандары” мен “Филармония” командалары арасында өтті. Алғашқы он минуттықта қос команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Қақпашыдан айласын асыра білген журналистер командасының ойыншысы Бахыт Темірғалиев есеп ашты. Бұл нәтиже ойын соңына дейін сақталып қалды. Осылайша “Қалам қырандары” турнир жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамотамен, медальмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал “Қалам қырандары” командасына жарыстың кубогы табысталды.
Сайысты өткізуге қолдау білдірген мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішенбаевқа, “Титан-Север” ЖШС-нің директоры Гарик Бернецянға, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Спорт сарайының басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.