Таиландтың Паттайя қаласында қазақстандық спортшылардың қатысуымен өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Биылғы жаһандық біріншілік Қазақстан үшін сәтсіз болды. Себебі, Таиландқа барған толағайларымыз бір ғана медаль иеленді. Жалпы, Қазақстан құрамасынан әлем біріншілігіне тоғыз атлетіміз барды. Жаһандық додада құраманың бас бапкері Юрий Мельниковтің сенім артқан спортшыларының ішінен 20 жастағы Игорь Сон ғана құраманы әлем чемпионатынан жүлдесіз оралудан құтқарып, бір күнде қаһарман атанды. Отандасымыз әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып тұрса да, күміс медаль олжалады. 55 килограмда сынға түскен ол серпе көтеруде 120 килограмды, жұлқа көтеру бағдарламасында 146 килограмды еңсерді. Екі жаттығу қорытындысы бойынша 266 килограмм салмақты бағындырып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов та, мақтаулы Илья Ильин де жүлдеге іліге алмады.