«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЛҚЫННАН ТУҒАН ТОЛҚЫН

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында “Солтүстік Қазақстан” газетінің редакциясында “Кедей сөзі” (1920.22.02-1921.07.03.) атауымен шыққан алғашқы нөмірінен бүгінгі күнге дейінгі суреттер шежіресінің тұсауы кесілді. Бұл панорамалық шежіре “Бостандық туы” (1921.07.03-1928.14.11.), “Кеңес ауылы” (1928.14.11-1932. 01.05.), “Ленин туы” (1932.01.05-1993.01.12.) және бүгінгі “Солтүстік Қазақстанға” келіп жалғасатын 96 жылғы ғұмырын барынша қамтыған.

Осындай еңбектің арқасында редакцияның К. Сүтішев көшесі, 7-үйде орналасқан соңғы ғимаратының дәлізі көркем безендіріліп, өзгелер түгіл, өзіміздің көзіміз әлі үйрене қоймаған жаңалыққа тәнті болып жүрміз.

Әуелі “Басылымның әр жылдардағы басшылары” деген үлкен тақта көзге түседі. Мұнда 1920 жылы Омбы қаласында шыққан “Кедей сөзінің” алғашқы нөміріне қол қойған мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Әбілқайыр Досовтың, әр жылдары редакцияны басқарған Смағұл Сәдуақасовтың, Мұқан Әйтпеновтің, Мағжан Жұмабаевтың, Сабыр Айтқожиннің, Жиенғали Тілепбергеновтің, Елжас Бекеновтің (бұлар да саяси қуғын-сүргін құрбандары), Сәбит Мұқановтың, Өміржан Оспановтың, Балтабек Асановтың, Құрмантай Меңдіғожиннің, Уәп Рақымжановтың, Бақыт Мұстафиннің (бұл ағаларымыз бүгінде өмірден озған), Жарасбай Сүлейменовтің және Кәрібай Мұсырманның суреттері орналастырылған.

Ал келесі қабырғадағы “Редакцияда әр жылдары қызмет істеген тұлғалар” деген тақтадан газетіміздің, айтса айызымыз қанатын мақтаныштары, әйгілі жазушылар, ақындар Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Әбдірахман Айсариннің, Қайыр Қабдөшевтің, Ғали Ормановтың, Зұбайыр Аюповтың, Ғалым Малдыбаевтың, Мәжит Дәулетбаевтың, Сафуан Шаймерденовтің, Әлжаппар Әбішевтің, Дихан-баба Әбіловтің, Жақан Сыздықовтың, Жұмағали Саиннің, Шахмет Құсайыновтың, Ербол Шаймерденовтің тұлғалары көз тартады.

Негізінен, “Ленин туы” редакциясында қызмет істеген тілші-қаламгерлердің елуінші-сексенінші жылдардағы ғұмыр кезеңдерін қамтитын “Сарғайған суреттер” деп аталған келесі шежіре көбі бүгінде фәниге аттанған серіктерімізді, аға буын ақылшы ұстаздарымызды еске түсіреді. Мұнда есімдері сол жылдардағы өңір жұртшылығының есінде қалған марқұмдар Уәп Рақымжанов, Бақыт Мұстафин, Уәра Нұрсейітов, Мұхамедқали Нұрғожин, Рәшит Бәдірленов, Серік Қасенов, Сұлтан Темірханов, Дүйсенбі Әуелбеков, Сабыр Сауытбаев, Ермек Құсайынов, Абай Қазиев, Есілбай Қазыбеков, Байтұяқ Жанымбетов, Мәлік Мұқанов, Мереке Тұралин, Қайырбек Баймұқанов, Амандық Әбжанов, Әмина Мұхамед-Рақымова, Күлбағила Өмірбекова, Роза Молдақова, Әмір Қожахметов, Құрман Рамазанов суреттен көз тастайтындай.

Ардагерлеріміз Мұрат Нұрмұқанов, Әскер Әбілқайыров, Амандық Жантеміров, Шашубай Малдыбаев, Жоламан Шаханов, Тоқтар Зікірин, Болат Қожахметов, Роза Қадірәлина, Күлзайра Мәлікова тақтадан өз бейнелерін көріп, өткен өмір белестерін көздеріне елестететіні анық.

Бүгінгі жас толқынның тыныс-тіршілігін «Редакцияның бүгінгі тынысы» деген панорама баяндайды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: редакцияның бүгінгі буыны.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp