«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОПТАСҚАН ЖЕҢЕДІ

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы әлемді жайлаған тағы бір саяси-экономикалық дағдарыстың қыспағы қаһарын танытып тұрған уақытта жарияланғанын өз басым түсіністікпен қабылдаймын. Осындай жағдайда елдің экономикалық саясатында қайта бағдарлаулардың болатынын Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында да ескерткен еді. Бірақ қиындық қаншалықты құрсаулап тұрса да, кемел ойлы Елбасымыздың нұсқауларының, өзіне тән алдын ала болжай алатын қабілетімен болашақтың қамын ерте бастан қарастыруының арқасында оларды еңсеріп келеміз.

Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауында заманымыздың беталысына қарай қадам жасауымыз қажеттігін зердемізге құйды. Біз, өткен кезеңдердің тәжірибесі көрсеткендей, дағдарыстар қыспағынан осылайша құтылдық.

Келесі жылы тәуелсіздігімізге ширек ғасыр болады. Осы жылдарда шынықтық, шыңдалдық. Әрине, қиындық өздігінен райынан қайта қоймайды ғой. Оны тұрақтылықтың, Президент белгілеп берген Жаңа экономикалық саясаттың арқасында жеңдік.

Бұған басты назар аударып отырғаным – бұл мәселе осы жаңа Жолдаудың негізгі мазмұнына айналғаны. Елбасымыз бүгінде әлемдік бағаның құлдырағанын, жаһандық экономикада тұрақсыздық белең алып тұрғанын, бұлардың әсері Қазақстанда да сезілгенін ашық айтты. Ол дағдарыстың жаңа толқыны туатынын да жасырмады.

Соған қарамастан, осындай қиын күндерде де экономикалық өсімге қол жеткізілгенінің мысалдарын ойымызға алдырды. Атап айтқанда, 1300-ден аса медицина, 1700-ден аса білім мекемесі бой көтергеніне назарымызды аударды.

Елбасының “Мәңгілік Ел” идеясы еліміздің алдында тұрған зор мақсат екені анық. Сондай-ақ, әлемдегі ең озық отыздықтан орын алуға ұмтылуымыздың да маңызы ешқашан кемімейді. Халқымыз бұл идеяларды жадынан шығармайды да.

Ал мұндай идеяларды жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? Бұған Елбасының аталған Жолдауында нақты жауаптар берілді. Оның осы сөзін теледидардан мұқият тыңдай отырып, бұған көзім жетті. Біріншіден, қаржы секторын тұрақтандыру қажеттігі ескертіліп, оны жүзеге асырудың жолдары нұсқалды. Соған орай Үкіметке, Ұлттық банкке тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, бюджет саясатын оңтайландыру мәселесі көтеріліп, оның шығындары халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалуға тиіс деген нақты талап қойылды. Үкіметтен жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасау талап етілді. Бұл орайда мемлекет пен жекеменшік серіктестігіне баса назар аударылды. Мемлекет жекеменшікке өз кәсібін дамытып, өрлетуге жәрдем береді, соған орай жекеменшік те мемлекетке қайтарым жасауға тиіс. Дұрыс идея. Екі жаққа да тиімді. Бұл ретте бизнестің, кәсіпкерліктің мемлекетке қол жая беруін тыю керек, банкротқа ұшыраған бизнестің мемлекетке масылдығын доғаратын кез келгені жөніндегі тапсырмалар орынды деп ойлаймын. Өйткені, бизнесте көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүргендер жоқ емес қой.

Ал өзім әлеуметтік сала қызметкері болғандықтан, осы бағытта мемлекет көрсетіп отырған қамқорлықты айтпай кете алмаймын. Президент ұсынған жаңа әлеуметтік саясат халқымыздың әл-ауқатын жақсарту қамымен қолға алынып отырғаны түсінікті. Жаңа жылдан бастап дәрігерлердің, білім беру саласы қызметкерлерінің және басқа да салаларда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, бізге техникаға жетік жас мамандар қажет екені белгілі. Елбасымыз оларға 2017 жылдан бастап техникалық білім тегін берілетінін тиянақтады.

Жылдың басты құжаты алдағы уақытта егжей-тегжейлі оқылып, оның әр қағидасына зер салатынымыз анық. Алғашқы телекөрсетілімнен ұққаным – бұл Жолдаудың да, әдеттегідей, еліміздің гүлденіп, көркейіп, әлем мемлекеттерінің алдында абыройлы, беделді бола беруін көздеу мақсатымен ойластырылып, халқымызға ұсынылып отырғанын бойыма ұялаттым. Бұл үшін халқымыз бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, қиындықтарды топтасып жеңуі керек.

Рәзипа ТӘЖЕНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі, мәдениет қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp