Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында жауға қарсы қаhармандықпен шайқасып, кеудесін оққа тосқан қазақстандық боздақтардың бірі – Қайыржан Тікшекеев. Жерлесіміз 1916 жылы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында дүниеге келген. Ел басына ауыр күн туған кезеңде 28-ші атқыштар дивизиясының құрамында түрлі қанды жорықтарға қатысып, майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Қыршынынан қиылған жауынгердің қайда жерленгені белгісіз күйінде қала берген. Биыл наурыз айында – Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Украинаның “Вертикаль” атты іздеу тобы марқұмның сүйегін кездейсоқ тапты.
Киев облысы Макаров ауданы аумағында қазба жұмыстарымен айналысқан іздеу тобы бірнеше адамның мүрдесін кезіктірген. “Atamnyń amanaty” республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жерлесіміздің сүйегі атамекенге жеткізілді.
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған монумент жанында жауынгердің мүрдесін қара жердің қойнына тапсыруға арналған митинг өтті. Онда аудан әкімі Дархан Әмрин сөз сөйлеп, неміс жендеттерін талқандауға зор үлес қосқан айыртаулықтардың жанқиярлық ерліктеріне тоқталды. Қайыржан Тікшекеев бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің санатында саналып келген. Марқұмның туыстары соңғы кезге дейін үміт отын өшірмей, іздеумен болған.
Қайрош ата мешітінің бас имамы Табиғат Сәдуов боздақтардың ауруағына Құран бағыштады. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сапар қажы Мұқатаев, қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Мереке Ерденов, Дәуқара ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Қасым Нұрғалиев “Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар” деген аталы сөздің мәнін талдай отырып, от пен оқтың арасында арыстандай арпалыса жүріп, шейіт болған оғландардың есімдері өшпейтінін, ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Ақ түйенің қарны жарылғандай күй кешіп отырғанын тебірене жеткізген жауынгердің немересі Марат: “Әжем мен әкем ақтық демі үзілгенше жақсы хабар күтумен болды. Іздестіріп, табуды маған аманаттап кетті. Қуанышымызды бөліскен жамағатқа алғысымыз шексіз”, – деді.
Батырдың рухына тағзым етілгеннен кейін мүрдесі ауыл сыртындағы қорымға жерленді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.