Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаров Жеңіске жетуге өздерінің жанқиярлық еңбектерімен үлес қосқан бір топ тыл еңбеккерлеріне “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы” мерекелік медальдарын тапсырды.
Аудан басшысы: “Біз бүгін Ұлы Отан соғысында Жеңіске жетуімізге қосқан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге басымызды иіп, мақтан тұтамыз”, – дей келе, Сергеевка қаласының, Семиполка және Городецкое ауылдық округтерінен келген тыл ардагерлері Тілеген Таласбаевты, Николай Ковалевті, Есләмғали Мұқановты, Мәрияш Шериязданованы, Галина Квачеваны, Владимир Таценконы құттықтады.
Марапатталғандар өз кезегінде ардагерлерге жасап отырған қамқорлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын айтты. Әсіресе, Семиполка ауылында тұратын В. Таценконың арнауы әсерлі болды. Ол өзінің ризашылық сезімін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған өлеңімен жеткізді.
Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин Сергеевка қаласындағы “Жеңіс” саябағында Даңқ ескерткіші салынып жатқанын және онда Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық майдангерлердің есімдері жазылатынын айтты.
(Өз тілшіміз).