«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБА ЖАЛҒАСЫН ТАПСА, балдыр басқан көлдерден құтылар едік

Қазіргі уақытта адамзат кейбір жаhандық проблемалармен бетпе-бет кезігіп отыр. “Қазақстан – 2050” стратегиясында еліміз үшін ескеруге тиісті он негізгі сын-қатердің атап көрсетілгені мәлім. Олардың ішінде ауызсудың тапшылығы мен табиғи ресурстардың сарқылуы мәселесі өте өзекті. Соңғы 60 жылда жер шарында ауызсуды пайдалану мөлшері 8 есе өсіп, көптеген елдер тіршілік нәрін сырттан алдыртуға мәжбүр. Планета тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жететінін ескерсек, жағдайдың тіптен күрделене түсері анық.

Бұл орайда айдындарымызды тиімді пайдалану жайын ой елегінен өткізудің маңызы өте зор. Өзгелер секілді облыс жұртшылығын да көлдердің, жасанды су қоймаларының қамыс пен балдыр басып, ластанып бара жатқаны алаңдатады. Сарқынды сулардың көп жиналуы салдарынан органикалық, минералдық элементтердің азайып, керісінше, адам ағзасына айтарлықтай залал келтіретін зиянды заттардың көбейгені жайлы түсетін шағымдар аз емес. Сала мамандары да ақаба судың шамадан тыс қордалануы себепті ластану көрсеткіштерінің артқаны жайлы қанша дабыл қақса да, әзірге нақты шара қолданып жатқандар байқалмайды.
Су қоймаларын зиянды бактериялардан, жағымсыз иістерден тазарту мәселелерімен шұғылданып жүрген “Су ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС-нің директоры Александр Рейбандтың айтуынша, өткен ғасырдың 80-ші жылдары сарқынды суларды биологиялық тұрғыдан оңалту процесінде микроскопиялық балдырларды пайдалану айтарлықтай нәтиже берген. Өзін-өзі ақтаған озық әдіс ретінде бағаланып, іс-тәжірибе кеңінен таратылған. “Осыдан төрт жыл бұрын Білім және ғылым министрлігіне қарасты “Ғылым қорының” қолдауымен 125 млн. теңге грант ұтып алып, “Сарқынды суларды биологиялық тазалау” жобасын жүзеге асырып келеміз. Материалдық-техникалық базамыз әлеуетті. Кадрлар жеткілікті. Жергілікті университетпен, Петропавл балық тәлімбағымен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Осы кезең ішінде сарқынды суларды тазарту бойынша жүргізілген биологиялық әдістердің тиімділігін жергілікті тәжірибелер анық аңғартты. Алайда, экологиялық, экономикалық тұрғыдан ақталғанымен, ел бойынша кеңінен қанат жая алмай отыр. Бұл бағдарлама жөнінен бізге әзірге балама жоқ екенін айта кеткім келеді. Басты қызметіміз адамдар мен қоршаған орта арасындағы тепе-теңдікті сақтау, тазалау шараларын нормативтік талаптарға сай атқаруға бағытталған”, – дейді Александр Иванович.
Серіктестік “Chlorella vulganis SKO” атты өзіндік штамм түрін ойлап тауып, өндіріске енгізген. Оның түпкі мәні – жасанды альголизация (қоныстандыру) есебінен балдырлар тоғанының экожүйесіне биологиялық оңалту технологиясын қолдану. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген зерттеу қорытындылары бойынша ластанудың жоғары деңгейі Петропавл қаласында байқалған. Кәріз сулары құйылатын жасанды тоғанның пайдалануға берілгеніне 70 жылдан асқанына қарамастан, тазалау тек дәстүрлі механикалық тәсілмен ғана атқарылады.
“Қызылжар су” кәсіпорны су бұру кешенінің жетекшісі Ербол Нәбиев су тазартқыш ғимаратты қалпына келтіруге қаржы жеткілікті түрде бөлінбегендіктен, технологиялық жаңғырту бағдарламасы толық аяқталмағанын жеткізді. Әлі де қомақты қаржы қажет. Бас маман қала маңындағы су айдындары мен жасанды тоғандардың батпақтанып, шөп-шалам, балдыр басып бара жатқанын, мұның өзі неше түрлі улы химиялық қосылыстар тудырып, су жәндіктері үшін қатерлі ортаға айналатынын, көктем уақытында жағымсыз иіс шығатынын жасырмады.
“Су ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС-і мен “Қызылжар су” кәсіпорнының бірлесе түзген терең тазартуға негізделген биологиялық әдіс жобасы облыс, қала әкімдіктерінің қарауына ұсынылыпты. Озық технологияны орындауға жұмсалатын қаражат көлемі – 48,2 млн. теңге. Хлорелла дегеніміз, жалпақ тілмен айтсақ, бір жасушалы тұщы су балдыры. Арнайы биореакторда өсіріледі. Құрамы ақуыз, амин қышқылдары, дәрумендер мен микроэлементтерге бай. Бұл қасиеттер өсімдіктердің дамуына, топырақ құнарлығының артуына айтарлықтай ықпал етеді. Сарқын суларды тазартуға биологиялық элементтер ретінде енгізіліп, жасанды реттеу жолымен жасыл балдырлардың басуы тоқтатылады. Көмірқышқыл газы секілді аса зиянды элементтер, жағымсыз иіс жойылып, оттегімен, аммиак азотымен, минералды фосформен байытылады. Су жәндіктері үшін қоректік заттар молаяды.
“Қаржылық қолдау көрсетілсе, аумағы 12 млн. шаршы метр су тоғанын үш жыл ішінде толыққанды тазалап беруге 42 тонна хлорелла шикізатын үзіліссіз жеткізуге дайынбыз. Ең тиімді кезең – қыс мезгілі. Оған дейін қаржы мәселесі шешіліп қалады деген үміттеміз. Біз суды тазалау жүйесін орнатумен де шұғылданамыз. Басқадай да қызмет түрлерін ұсынамыз. Былайша айтқанда, әмбебап мекемеміз”, – деген Александр Рейбанд қоршаған ортаны сауықтырудың озық технологиялары Үкімет тарапынан қаржыландырылуы тиістілігіне ерекше екпін түсірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp