Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Нұрлан Атығаев журналистермен кездесуін: “Облысымыздағы өрт жағдайы алаңдатып отыр”, – деп бастады.
Жыл басталғалы жарты айдан енді асса да, облыс аумағында 50 өрт оқиғасы тіркеліп, онда 5 адамның өмірі үзіліп, материалдық шығын 3 127300 теңгені құраған. Облыс орталығында 11 өрт оқиғасы тіркелсе, Айыртау ауданында 7 өрт шыққан.
Көп жағдайда өрттің шығуына қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болуда. Мәселен, жылдың алғашқы күнінің таңы біліне бастағанда Есіл ауданындағы Петровка ауылында жекеменшік үй отқа оранып, оқиға орнынан үй иесінің мүрдесі шығарылды. Ал 19 ақпан күні Мағжан Жұмабаев ауданында болған өрттен алты жастағы сәбидің өмірі қиылды.
Осындай қайғылы оқиғаларды алға тартқан өртсөндірушілер отпен көп болып күресу қажеттігін еске салды. Өткен жылы аталмыш мекеме қызметкерлері 876 үй орамына тексеру жүргізіп, 1512 түрлі үгіт материалдарын таратқан.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.