«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮЙТКІЛІ КӨП КӨЛІК ТҰРАҒЫ

Қаламыздағы көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласындағы көліктердің ретсіз шоғырлануы тұрғындарға қолайсыздықтар тудырып отыр. Автокөліктер көп жағдайларда балаларға арналған ойын алаңдарына, көгал- гүлзарларға, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, жолдың көлік жүретін бөлігіне және тротуарларға қойылып жатады. Тұрғындар көлік тұрағына қойылған қоршаулардың да емін-еркін жүріп тұруға кедергі келтіретінін айтуда.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Мемлекет басшысы соңғы кездері еліміздің ірі қалаларында көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынып жатқанын сынады. Соның салдарынан балаларын сыртқа шығарудан жүрексінетін ата-аналар көбейген.

– Жуырда көлігімді артқа шегіндіріп жатып, машинамды тұрақта керілген темір арқанға соғып алдым. Салдарынан «темір тұлпарыма» айтарлықтай зақым келді. Көпқабатты үйлердің ауласы онсыз да тар. Қоршаудың кесірінен көлікті қоятын да, бұрылатын да жер таппай қиналып жатамыз. Қонаққа немесе уақытша тұруға келгендер көлігін қайда қояды? Бізді осы сауал мазалайды, – дейді қала тұрғыны Берік Сәлімов.

Тұрғындардың көлік тұрақтарын өз меншігіне айналдырып алуының қаншалықты заңды екенін бірге анықтау мақсатында облыстық полиция департаментіне хабарласып, рейдке шығу туралы ұсыныс білдірген едік. Ондағы мамандар біздің бұл өтінішімізді бірден қабыл алды.

Володарский көшесіндегі 3-ші үйдің тұрғындары баспанаға кіретін аумақты темірден жасалған қондырғылармен белгілеп, «шекарасын» сызып қойыпты. 40 пәтер орналасқан жатақхана типтес үйге жауапты ПИК иесі де, тұрғындар да қоршаудың тұрғындардың келісімімен өзге көліктердің тұрағына айналмас үшін салынғанын айтты.

Чкалов көшесіндегі 65-ші үйдің тұрғындары болса 3 бірдей көлік тұрағын ұзыннан қоршап, өздері ғана аша алатындай құлыптап қойған. Сырттан келген көлік иелері машиналарын тұраққа қою үшін қоршауды бұзып өте алмайды. Бұл қоршаулар көлік қозғалысына да айтарлықтай кедергі келтіріп тұр. Үйдің тұрғындарын сөзге тартқан едік. Қоршауларды кім және қашан қойғанын ешкім білмейтін болып шықты. Олар бір-бірімен келісіп алғандай: «Қоршауларды бір кездері осы үйлерде тұрған жандар қойған болуы керек» деген уәж айтты. Аталған тұрғын үйге қызмет көрсететін пәтер иелерінің кооперативі де қоршауларды кім орнатқанынан хабарсыз. Анықталған жайттардан кейін полиция қызметкерлері ПИК төрайымы және тұрғындардың қатысуымен заңсыз тұрған қоршауды арнайы құрылғымен кестіріп, алдыртып тастады. Осылайша өзге көліктердің үй ауласына еркін кіріп шығуына жол ашылды.

Заң бойынша кез келген көпқабатты үйдің маңайында көлік қоятын тұрақ болуы тиіс. Оны рұқсатсыз қоршауға, өз меншігіне айналдыруға ешкімнің құқы жоқ. Тұраққа кез келген адам өзінің көлігін қоя алады. Алайда осы талапты белден басып, бөгде жандардың машинасын өткізбес үшін көлік тұрағын қоршап қоятындар көбеймесе, азаймай отыр.

– Тұрғындармен және ПИК-пен келіскен жағдайда, көлік тұрақтарына қоршауларды орнатуға рұқсат етіледі. Ал ешкімнің келісімінсіз орнатылған тұрақтар заңсыз болып саналады. Мұндай қадамға барғандарға алғашында ескерту беріліп, қоршаулар алынып тасталады. Жағдай екінші рет қайталанса, қоршауды орнатқан ПИК-тің немесе тұрғынның атына хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Қанат Жұмабаев.

Рейд барысында Шухов көшесіндегі 6-шы үйдің маңайындағы қоршауларға көзіміз түсті. Үйдің тұрғындарымен сөйлесіп, кедергінің бар-жоғын анықтауды жөн көрдік. Пәтер иелері кооперативінің басшысы қоршаулардың тұрғындармен келісіле отырып салынғанын, әзірге бұл мәселе бойынша ешкімнен шағым түспегенін айтып ақталды.

– Осы аумақтың бәріне біз қызмет көрсетеміз. Сонда сырттан уақытша келіп кететін басқа көліктердің орнын біз тазалап отыруымыз керек пе? Бұл қоршаулар көлік тұрағында тазалықты сақтау және жақын жердегі мектепке балаларын әкелетін көліктердің кептеліс тудырмасы үшін қойылды, – дейді Любовь Елкина.

Көлік тұрағын қоршап қою «темір тұлпары» сол маңда тұратын жандар үшін қолайлы саналатыны рас. Ал көлігін қоюға орын таппай, қолдан орнатылған қоршаулардың кесірінен емін-еркін жүріп-тұра алмай отырған жүргізушілер қайтпек? Бұл мәселе, әсіресе, ауласы тар ескі үйлердің тұрғындарын ерекше алаңдатып отыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp