«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮНГІ КЛУБ — ТӘРТІПСІЗДІК ОШАҒЫ

Облыстық мәлихаттың депутаттары жастар жиі баратын бірқатар түнгі клубтарға рейд жүргізіп, демалыс орындарының санитарлық талаптарға сай еместігін анықтады. Бұл мәселе және әскерге шақырылған жастар жайы облыстық мәслихатта өткен кезекті жиналыста әңгіме өзегіне айналды.

Биыл әскерге шақырту учаскелеріне 2920 өрен тіркелсе, әскери қызметке олардың 1293-і ғана жарамды болып шықты. 555-і ем қабылдағаннан кейін әскерге бара алады. Олардың дені жүйке, хирургиялық, тері-венерологиялық ауруларға шалдыққан. Ал 290 жас әскери қызметін өтеуге жарамсыз деп танылып, соның 50-і әскери тіркеуден мүлдем шығарылған. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қайрат Ысқақов әскерге шақырту барысында туындайтын басты мәселелердің бірі, әсіресе, аудандарда салалық маман дәрігерлерінің жетіспеушілігі екенін айтты. Бұл мәселе жастардың толық тексеруден өтіп, қажетті ем-дом қабылдап, шақырту жасына толғанға дейін әскерге жарамды болуына кедергі жасауда. Мәселен, күзгі әскерге шақырту маусымына 17 дәрігер жетпеген. Олардың қатарында отоларинголог, көз дәрігері, дерматолог, психиатр бар. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін дәрігерлер аудандарға уақытша іссапарға жіберілуде.

– Бүгінгі таңда әскери тіркеуде 22378 жас тұр. Әскерге деген оң көзқарас қалыптастырып, патриоттық сезімін ояту бағытындағы жұмыстар үзбей жүргізілуде. Қорғаныс жөніндегі басқарма мен бөлім қызметкерлері мектеп оқушыларына арналған үшкүндік оқу-әдістемелік жиындар өткізеді. Мектептерде алғашқы әскери даярлық пәнінен бөлек, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге айрықша мән беріліп келеді. Әскери қызметкерлермен, республикалық және шетелдік әскери-оқу мекемелерінің курсанттарымен кездесулер жиі өткізіледі, – деді Қайрат Омарұлы.

Баяндамашыны тыңдаған жиынға қатысушылар: “Балалар мектепте оқып жүргенде медициналық тексеруден өтеді. Ол кезде барлығының дені сау. Ал кәмелеттік жасқа толып, әскерге шақырылғанда жартысының денсаулығынан неге кінәрат табылады?” – деген таңданыстарын білдірді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко соңғы үш жылда әскерге шақыртылған балалардың жағдайына талдау жүргізуді тапсырды.

Жиында сөз болған келесі өзекті мәселе – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жайы. “Жергілікті полиция қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарына барып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайымен таныстық. Облыстық мәслихат депутаттары жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа, Саумалкөл қазақ орта мектебіне, “Тұрпан” демалыс орындарына барды”, – деді облыстық мәлихаттың депутаты Райхан Әбдірахманова.

Депутаттар рейд барысында пәтер жалдап тұратын Исаевтар отбасына да барған екен. Оныншы сыныпта оқитын қызы спортпен айналысқанды жақсы көреді екен, ал кіші ұлы 5 жаста. Әйелі қазір жұмыссыз отыр. Олардың тұрып жатқан үйлері санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Үйдің іші лас әрі үй иесі алкогольді ішімдік пайдаланған. Депутаттар бұл отбасын бақылауға алып, оларға нақты көмек көрсетпек.

Жасөспірімдердің жайымен жақын таныспақ болған депуттар облыс орталығындағы түнгі клубтарға барды. Облыс орталығындағы сауда-саттықпен айналысатын 1035 мекеменің 966-сында алкогольді ішімдік сатылады. Соның ішінде 11 түнгі клуб, 205 дәмхана, 25 мейрамхана, 33 бар және екі боулинг орталығы бар. Биыл 21 жасқа толмағандарға алкогольді ішімдік сатқаны үшін 69 сатушы мен дүкен иесі және кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі сатқан 24 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, тексеріс барысында бірқатар мекемелерден кальян тәркіленген. “Фантазия”, “Шоколад” түнгі клубтары санитарлық талаптарға сай емес әрі алкогольді ішімдік пайдаланған жастарға толы екені анықталды. Мұндай орындар жастар арасындағы қылмыстарды да көбейтері сөзсіз. Тіпті, “Фантазияның” күзетшісі де жоқ болып шықты. Яғни, мекемеге кімнің кіріп-шығып жатқаны да белгісіз. Депутаттар жастарды бұрыс жолға түсуге итермелейтін осындай мекемелердің бірқатарын жабу жөнінде мәселе көтермек.

– Қанша жерден шағымдар түссе де, біз ол мекемелерге прокуратураның рұқсатынсыз бара алмаймыз. Ал прокуратурадан ондай рұқсатты ала алмай отырмыз. Себебі, мекеменің адам өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретінін дәлелдеу қажет, – деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp