Қазан төңкерісінен кейін күмбездерінің күл-паршасы шыққан мешіттері мектепке немесе спорт залына айналып, мұсылмандардың діни қауымы 1945 жылдың көктемінде ғана құрылған қарт Қызылжардың алғашқы имамдарының бірі Хасен Шамсутдинов еді. Бір Алланың өзі дін жолына түсірген ол білімдарлығымен мыңдарды мойындатқан: Бұхарадағы “Көгілташ” медресесінде – жеті жыл, сосын әйгілі “Мир-Араб” медресесінде он жыл оқып, жоғары білімге қол жеткізеді.
Он жеті жыл демекші, оның бұрынғы Карл Маркс көшесіндегі “Көк мешітте” бүкіл Қызылжар намазхандарының көсемі де, шешені де болып, туғандарына ат қойып, азан айтқан, қайтқандарының жаназасын шығарған және тіршілікте таусылмайтын басқа да дұғаларынан қалмаған еңбек өтілі де нақ осындай.
Бұрнағы күні өмірін хақ жолына арнаған, міне, осынау дін қайраткерінің есімін есте қалдыруға орайластырылған шара ұйымдастырылды: Петропавл қалалық “Нұр” мешітінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Салтанат барысында “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан Исаев, Бәйкен қажы Кәдірбаев және басқалар лебіздерін білдірді.
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.