«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҰЛПАРДЫҢ” ҚАДАМЫ ҚУАНТАДЫ

Биылғы жылғы “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысқан “Тұлпар – 2030” жеке кәсіпкерлігі өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар аталымы бойынша өздерінде шығарылатын “Кремгранит” қабырға блоктарының аязға төзімділігі және беріктілігі үшін облыс әкімінің дипломымен марапатталды. Қарапайым тілде қабырғалық еуроблок деп аталатын бұл өнім нағыз осызаманғы берік әрі жылы құрылыс материалы болып табылады. Жаңа инновациялық технология бойынша жасалатын скандинавиялық үлгідегі блоктың жылу сақтағыш қабілеті оның қабатталған материалдық құрамынан болса керек. Құрылыс материалының жарнамалық сипаттамасында жазылғандай, осындай жылы блоктан тұрғызылған қабырға кірпіштен жасалғаннан анағұрлым жеңіл, сондай-ақ, оның ішкі-сыртқы өңдеу жұмыстары да қиынға түспейді. Үш қабатты жылы блоктың барлық қабаты құрамындағы пенополистиролдың арқасында суыққа өте төзімді.

Осы жылы блокты шығаруды қолға алған “Тұлпар” жеке кәсіпкерлігі облысымызда ғана емес, еліміздегі бірден-бір бірегей кәсіпорын болып отыр. Онда қазір параметрлері 40х40х20 және 40х30х20 сантиметрлік екі түрлі блок шығарылады. Оның алғашқысы – қаптама бетті, ал екіншісі – қамтамасыз блоктар. Қаптамалы блоктар сыртқы қабырға беттеріне арналған, одан тұрғызылған үйлерді сырттай өңдеп, сырлаудың қажеті жоқ. Сол сияқты қаптамасыз блоктардан да үй қабырғалары тұрғызыла береді, тек оны тұтынушы өз қалауы бойынша кез келген басқа материалмен қаптай алады. Негізгі сапалық қасиеттері бірдей бұл блоктардың айырмашылығы олардың бағасында ғана.

– Үй құрылысы блоктарын шығаруды биыл қолға алдық, оған дейін негізінен құрылыстық өрнектастар, плиткалар және ескерткіштер шығарумен айналысқан болатынбыз. Скандинавиялық үлгідегі жылы блоктың өндірісін игеруді злотоустық шеберлерден үйреніп, сонда тәжірибеден өттік. Қажетті “Кандор” станогын сол жақтан таптық. Би бункерлі бұл станок бірден екі түрлі блок құяды, қаптама бетті блок сол жағынан, ал қаптамасыз блок оң жағынан шығады. Оның дайындалуы кәдімгі қат-қабат жасалған бәлішке ұқсайды. Айталық, қаптама беті фактурлық бетоннан, ал одан кейінгі қабаттары керамзитобетоннан, пенополистиролдан, сосын тағы керамзитобетоннан тұрады. Бұлардың бәрі станоктан құйылып шыққан бетте бірден инновациялық жаңа үлгідегі біріктіргіш болып табылатын шыны арматуралық таяқшалармен қосылып кептіріледі. Кептірілген блоктың қабаттарын бір-бірінен айырып алу мүмкін емес. Өйткені, оның ішіндегі шыны арматуралардың беріктігі болат материалдан осал емес, қайта артықшылық қасиеттері басым. Айталық, мұндай арматура ауа райының құбылмалы жағдайында бүлінбейді, ылғалға және ыстық-суыққа бірдей төзімді. Яғни, осы блоктан тұрғызылған нысанның беріктігі мүлде қауіп тудырмайды. Сондықтан Қазақстанда бірінші болып құрылыстық жылы блок өніміне тауарлық сапа сертификатын алдық, – деп түсінік береді кәсіпорын басшысы Боштай Жұнысов.

Мұнда өндіріске қажетті материалдардың Ресейден алынатын шыны арматуралардан басқасы отандық өнімдерден тұрады. Айталық, өзен құмы қалалық порттан жеткізіледі, пенопостирол мен керамзит және берік маркалы цемент өзіміздің қазақстандық кәсіпорындарда өндіріледі. Ал блоктың қаптама гранит беті жергілікті тас үгіндісі мен жоғары 500-600 маркалы цементтен құйылады. Былай қарасаң, оның табиғи граниттен ешқандай айырмашылығы жоқ, беріктігі соған жақын. Құрамына түрлі дозаторлар мен түс беретін қосындылар қосылған жылтыр плитка өте көрікті. Оның өрнектеп жасалынған түрлері де бар, бәрі тұтынушылардың сұранысына сай дайындалады.

Әзірге кәсіпорында 5 тұрғын үй нысанына жетерлік блок шығарылған. Оның үшеуін бір тұтынушы алып, алғашқы тұрғын үйлерді тұрғызып та үлгеріпті. Кәсіпорын басшысының айтуынша, 5-6 күнде бір қабатты стандартты тұрғын үй тұрғызуға болады екен, ал оған қажетті құрылыстық блоктарды 2-3 күнде дайындап бере алады.

Өндіріске қажетті материалдар негізінен өзімізде табылатындықтан, кәсіпорын тапсырыс берушілердің өз материалдарынан да құрылыс блоктарын дайындап бере алады. Ол тұтынушыларға тіпті арзанға түседі. Айталық, керамзит пен пенопласт және тиісті маркалы цемент табылса, Есіл өзені құмы жеткілікті, тек шыны арматураларын ғана өздерінен қосады. Алайда, блок жасауды биыл қолға алған кәсіпорын мұндай кең ауқымды өндірістік жоспарларын келесі жылдан бастап, қосымша жарақтанған соң жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның мәнісін кәсіпорын директорының орынбасары Анатолий Соболевпен бірге өндірісті аралап, іс жайымен жақынырақ танысқанда ұқтық.

– Біздің “Тұлпар” кәсіпорны бұрын ескі автомобиль жәрмеңкесі ауданында қоныс тепкен болатын. Петропавл таксопаркі аумағынан алған 8 мың шаршы метрлік өндірістік алаңға 2000 жылы көшіп келдік. Құйма темір-бетон өнімдерін шығаруды осында қолға алдық. Бұрынғы ескерткіштер, өрнектастар және түрлі едендік плиткалар жасау өндірісін осы күнге дейін жалғастыра отырып, жылы құрылыс блоктарын шығаруды бастадық. Қазір кәсіпорында барлығы 15 адам еңбек етеді, соның ішінде тікелей блок шығарумен бес адам айналысуда. Келер жылдан бастап өндірісті ұлғайту үшін тағы екі станок алуды жоспарлап отырмыз. Онда қазіргі бір ангар тарлық етеді, жанынан қосымша ангар тұрғызу үшін оның жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойдық. Жаңа қалыптаушы станоктар сонда орнатылатын болады, ал ескі ангардағы пенополистирол кесетін станоктың орнына жаңа бағдарламалық қондырғы алғалы отырмыз. Мұндай жарықтану бізге өндіріс көлемін алдағы уақытта 3-4 есе өсіруге мүмкіндік береді, – дейді Анатолий Владимирович.

Өндірістік ангардағы “Кандор” би станогына құйма қоспалар сырттағы бетонараластырғыштан шағын транспортер арқылы беріледі екен. Станоктың “би” атауы оның көп функционалдығын білдіреді. Яғни, станок қажеттілігіне қарай керамзитобетон немесе фактуралық бетон құймаларын шығарады. Ондағы жұмысты ағайынды Шыңғыс, Ислам, Бауыржан Шінәлиевтер және Атабек Асанов атқарады. Оларға “Кар” жүк көтергішінің жүргізушісі Владимир Помкин көмектеседі. Пенополистирол материалын кесіп дайындайтын да сол. Бір блоктың орташа салмағы 23-25 килограмм тартады. Қалыптан шыққан блокты үш-үштен қоларбамен кебу орнына тасымалдау да жеңіл жұмыс емес. Бірақ еңбегіне қарай табысы дегендей, айлық еңбекақылары 100 мың теңгеден кем шықпайды.

Кәсіпорын басшысы Боштай Нәбиұлы өндірісті ұлғайтудан басқа да болашақ жоспарларының молдығын айтады. Айталық, негізгі өндіріс аумағындағы жалға беріліп отырған көптеген шағын нысандар мен саунадан басқа, қосымша сатып алынған 2,5 мың шаршы метр жерде өзінің сауда орталығын салмақшы ойы бар. Жалпы алаңы 1400 шаршы метрлік үш қабатта тұрғызылатын сауда орталығының жобалық-сметалық құжаттамалары қазірдің өзінде әзір. “Қазына” деп аталатын бұл орталықтың құрылысы алдағы жылы басталады. Сонымен бірге, кәсіпорын бүгіндері құрылыстық лицензия алуға құжаттарын дайындауда, ондағы мақсаты – өздерінде шығарылатын жылы блоктан тұрғын үйлер құрылысын жүргізу. Сөйтіп, өздерінде өндірістің кластерлік жүйесін енгізетін болады.

Міне, осының бәріне негіз болып отырған “Кремгранит” қабырға блоктары осызаманғы инновациялық берік материал болып табылады. Өңірлік үздік тауарлар байқауында назарға іліккен оның басты құндылығы – бағасының қолжетімділігі және жылдам тұрғызылатыны. Мысалы, параметрі 40х30х20 сантиметрлік қаптамасыз бір блоктың құны 570 теңге тұрады, бір шаршы метрге оның 13 данасы кететін болса, онда шаршы метрінің құны 7410 теңгеден айналады. Егер шағын тұрғын үйдің барлық қабырға алаңы 100 шаршы метрден аспайтын болса, оның қабырғалық материалы небары 741 мың теңгеге түседі. Қаптамалы блоктар, әрине, одан сәл қымбатырақ тұрады. Қалай дегенмен де, осы инновациялық құрылыс блогы дәстүрлі қабырғалық материалдардан арзанырақ түсері анық. Әрі оның эстетикалық әсемдігі мен беріктігін айтар болсақ, өңірлік байқауда тегін көзге түспегенін түсінеміз. Кремграниттің болашақта өңіріміздің басты құрылыс материалына айналуы әбден мүмкін.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: директордың орынбасары Анатолий Соболев қалыптау станогында жұмыс істейтін Шыңғыс Шінәлиевке кеңес беруде.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp