«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР ҚУАНЫШЫ

Тайынша ауданындағы Красная Поляна ауылында дәріхана ашылды. Бұл жаңалық осы уақытқа дейін қажетті дәрі-дәрмек сатып алу үшін аудан немесе облыс орталығына қатынауға мәжбүр болған ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті.

Ауыл тұрғындарының жағдайына қанық жергілікті кәсіпкер Алексей Недвецкий ашқан дәріхана осы маңдағы бірнеше ауыл тұрғындарының көп жылдан бері жергілікті биліктен сұрап жүрген тілегі еді. Красная Поляна ауылдық округінің әкімі Талғат Базарбаевтың айтуынша, осыған дейін тұрғындар тарапынан ауылдық округте дәріханалық пункт ашу мәселесі жиі көтеріліп, жыл сайын ауылдық округтің, аудан әкімінің есептік кездесулерінде де айтылыпты.
Жасынан жасамысы басым ауылдық округ тұрғындары жауынды-шашынды көктем мен күзде, қақаған қыс айларында қаладағы дәріханаға жете алмай қиналатыны жергілікті билікке мәлім болғанымен, алғашында “мен дәріхана аша қояйын” деп құлшынған ешкім табыла қоймаған. Десек те, осы жерде ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен сөйлескеннен кейін Алексей Недвецкий тұрғындардың өтінішін орындауға бел буды. Осылайша, жеке кәсіпкер тұрғындарға жақсылық жасап, ауылдастарының алғысына бөленіп қана қоймай, өзі де табыстың көзін тапты.
Дәріхананың фармацевт маманы Елена Кайдановичтің айтуынша, осыған дейін керекті дәрілерін өздері барып, не болмаса жолаушылап бара жатқан ауылдастарына тапсырыс беріп алдыратын тұрғындар қазір артық шығындалмайды. Қажетті дәрі-дәрімектердің түр-түрі самсап тұр, бағасы да аса қымбат емес.


Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp