Бүгінгі күні көптеген сауда орындарынан “Тауар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды” деген жазуларды көруге болады. Алайда, бұл хабарламалардың заңсыз екенін тұтынушылар біле бермейді. Тауардың арзан базарда немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, Сіздің мүддеңізді білдіретін “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” Заңның барын естен шығармаған абзал.
Күнделікті күйбің тірлікте қарапайым тұтынушы ретінде қаншама рет құқығымыз бұзылса да, оған аса мән бере бермейміз. Әділдікті қайдан іздерімізді де білмейміз. Сондықтан қолды бір сілтеп жүре береміз.
Тұтынушылардың және сатушылардың, дайындаушылардың, жұмыстар мен қызметтерді орындаушылардың құқықтары мен міндеттері “Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” Заңмен, нормативтік-құқықтық актілерімен, басқа да мәмілелермен реттеледі.
Бүгінгі күні қолданыстағы заңнамалық құжаттарға сәйкес тұтынушы сапалы, қауiпсiз тауарлар сатып алуға, еркiн таңдау жасауға, тауар және сатушы туралы толық ақпаратқа ие болуға, тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге, келтiрiлген зиянды өтеуге өтемақы талап етуге құқылы.
Облыс тұрғындары осы саладағы заң бұрмалаушылықтар мен басқа да мәселелер бойынша арыз-шағымдарымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 8(7152) 52-14-36 “Жедел желі” телефонына, сонымен қатар, қалалық және аудандардағы аумақтық басқармаларға хабарласа алады. http://sko.kzpp.gov.kz. электронды мекенжайына да өтініштер жолдауға болады.
Зейнел ЕДІЛОВА,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы.