«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰҢҒИЫҚТЫҢ ТҮБІ

Бүкіл әлем халқы ғасыр дертіне айналған есірткімен күресіп, одан құтылудың жолын іздестіруде. Дүниені дүр сілкіндіріп, адамды кісілік келбетінен айырған ғасыр тажалы біздің елімізді де, өңірімізді де айналып өтпеді.

Адамзатты тура жолдан адастырып, оларды ажал апанына еріксіз әкелген есірткімен күресу – қоғамның, оның басты байлығы – саналы адамның негізгі міндеті. Есірткіні алғашында әлдекімдердің үгіт-насихатымен байқап көріп, кейін өрмекшінің торындай бұғауына түскен адам өзін, отбасын, ортасын, жақын адамдарын ұмытады, көкірегін тұмшалаған кеселмен күресуге дәрмені жетпейді. Мемлекетіміздің тірегі толыққанды отбасы десек, оны ыдыратып, егемен еліміздің жарқын болашағына балта шауып жатқан жандар қанша?

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылы өңірімізде 150 килограмм есірткі заттарының заңсыз тасымалдану әрекеті тіркелген. Оның 3 килограмы – героин.  

Облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы денсаулық сақтау департаментімен, сондай-ақ, ішкі істер, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандарымен бірігіп, “Есірткіге жол жоқ!”, “Есірткі қауіпті” сынды шараларды жиі өткізуді дәстүрге айналдырған. Игі шаралардың мақсаты – адамды аранына жұтқан аждаһадан аман сақтап, оларды саламатты өмір салтын қалыптастыруға, қоғамның құнды мүшесіне айналдыруға әрекет ету.

Облыстық наркологиялық орталықта бүгінде есірткіге тәуелді 773 адам тіркеуде тұр. Олар жас айырмашылықтары жөнінен алуан түрлі. Көбі аталмыш орталыққа полиция қызметкерлерінің іздестіру нәтижесінде бас сұқса, өз еркімен емделуге келгендер саны некен-саяқ. Олардың қатарында он екіде бір гүлі ашылмай нашақор атанған 14 жасөспірім болса, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді дейтін нәзік жандардың саны – 49.

Есірткінің дәмін бір татып, кейін онсыз өмір сүре алмайтын халге душар болған адамдардың болашағының бұлыңғырлығына кесімді пікір айтуға болмайды. Өйткені, ыстыққа шөлдегіш, суыққа тоңғыш, көзді баурағанға еліктегіш келетін нәзік жаратылысты адам атаулыны адасқан жолынан тура қалпына қайтаратын да өзіміз, талпынысымыз бен талабымыз. Ол үшін жұдырық болып жұмылып, еліміздің ертеңі үшін, бейбіт күннің нұрлы сәулесі үшін бірге күресуіміз қажет. Жастарды, жеткіншектерді спортқа үндеп, жан рахатына бөлейтін сүйікті істерімен айналысуға мүмкіндік берудің маңызы зор.

Күлсім БАЙМАҒАНОВА,

 сараптамашы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp