«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘБЕЙ БАРЛЫБАЕВ — ТОЛАҒАЙ ТҰЛҒА

Тамыры терең тарихымызға зер салсақ, Қызылжар өңірінде халықтың арманы мен аманатын арқалап, сол жолда аянбаған тұлғалардың аз болмағанына көз жеткіземіз. Азаттық алып, егемен ел атанғаннан кейін ұлттық тарихымыз қайта жаңғырып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Халқымыздың мақтанышына айналған қаншама асылдарымызды танып-білуге жол ашылды. Ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, қиын күндері халқына қорған болған небір ардақтыларымызды ұлықтаудамыз. Бірақ әлі де болса есімі ескерусіз қалып жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Тәбей Барлыбаев. Бұл әулеттің есімі Қызылжар жұртшылығына жақсы мәлім. Адал еңбекпен мол байлыққа қол жеткізіп, жоқ-жітікке қарайласып, елдік мәселелерге де араласып, зор беделге ие болған Барлыбай қажының ұрпақтары жазықсыз қудалауға ұшырап, тағдырдың теперішін аз көрмеді. Асылдың сынығы Тәбей Барлыбаев 1783 жылы дүниеге келіп, 80-ге қараған шағында өмірден озған екен. Ол қазіргі Жамбыл ауданының Петровка ауылынан 2-3 шақырым жердегі Баян зиратында жерленген.

Тәбей Барлыбаев туралы бекерден-бекер сөз қозғап отырған жоқпыз. Оның орысшаға жетік әрі озық ойлы азамат болғанын растайтын деректер аз емес. Орысша білгендіктен орыс билеушілеріне әр кез сөзін өткізіп, елдік мәселелердің оң шешілуіне де ықпал жасаған. Жер, жесір дауына да араласып, ел ішінде ынтымақ-бірліктің сақталуына зор мән берген. Сөзімізге дәлел ретінде мына бір оқиғаны айтып өтуге болады. Омбы архивінен 1831 жылы аға сұлтан Жалбыр Абдулин, старшындар Есеней Естемісов, Тәбей Барлыбаев, Құндыбай Мамашев, Біркен Малқаров, Тоқсан Мәлғаждаровтардың Тобыл губерниясы басқармасының бастығы генерал-губернатор И. А. Вельяминовқа жазған хаты табылды. Бұл хат Тәбей Барлыбаевтың қолымен жазылған екен. Мұнда бұған дейін халықтың мал-мүлкіне есеп жүргізу барысында подполковник Набаковтың қазақтарды әскерге алмау, халықты барымташылардан қорғау, мал басына артық салық салмау жөніндегі уәдесін құжат түрінде бекітуді сұрайды. Сонымен қатар казактардың қазақтарға тиесілі жерлерден шөп шауып, бассыздық танытуына тыйым жасалуын талап етеді. Түмен, Омбы және Алматы қаласының архивінен табылған құжаттарда Тәбей Барлыбаевтың ел арасындағы дау-дамайларға әр кез парасаттылықпен, көрегендікпен нүкте қоя білетін ақыл иесі, ел арасында беделі зор болғанына көз жеткіземіз.
Тәбей Барлыбаевтың есімі өз заманында ерекше құрметпен аталды. Өйткені, ол сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған. Ел билеумен қатар қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинап, атадан-балаға жеткен аңыз-әңгімелерді, шежіре-дастандарды қағаз бетіне түсіріп отырған. Тәбей Барлыбаев атақты жерлесіміз Сегіз серімен де өте жақын араласқан екен. Бұл жөнінде жазушы Төлеш Сүлейменовтің Сегіз сері туралы еңбегінде кездеседі. “Сегіз Көшебе елінің басшысы Тәбей Барлыбайұлының он сегіз қанат ақ ордасында мейман болды. Серінің құрметіне оның дос-жарандары мен ағайын-туғандары жиналып, үлкен мәжіліс құрды. Сонда көпшіліктің сұрауы бойынша әнші “Тұрмыс” атты толғауын домбырамен айтады.
“Әлеумет, өтіндіңдер сөйлейін сөз,
Үйінде Тәбей ағаң келдік қой кез.
Тілекті сіздер қойған орындайын,
Жырларым алтын болмай шықса да жез”, – деп жырлаған екен.
Елінің тұтастығы, бірлігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген оның өнегелі өмірі жайлы “Egemen Qazaqstan” газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат, елімізге белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов және тағы басқалар қалам тербеді. Өлкетанушы, ардагер ұстаз Социал Жұмабаев екеуміз Барлыбаевтар әулетінің қиын да қилы тағдыры жайлы “Бір әулеттің тарихы” атты жинақ та шығардық. Сондықтан шағын мақаланың ішінде Тәбей Барлыбаевтың халқы үшін атқарған қажырлы еңбегін тізіп шығу мүмкін емес.
Небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың тарихында туған ұлтының жанашырына айналып, құрметіне бөленген асылдарымыздың есімдері бүгінгі күні де ерекше құрметпен аталып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ендеше, Тәбей Барлыбаевтың есімі де кейінгі ұрпақтың жадында жаңғыруы үшін облыс орталығының бір көшесін оның атымен атау туралы ұсынысымды билік те, халық та қолдайды деп ойлаймын.


Қайролла МҰҚАНОВ,
өлкетанушы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp