«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәжірибелі тігінші

Тігінші Светлана Шарипова осыдан 25 жыл бұрын бір ғана тігін машинасымен кәсібін бастаған екен. Уақыт өте келе олардың санын көбейтіп, жұмысшыларды қабылдап, үлкен ұжым қалыптастырды. Бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы жеке ғимаратқа қол жеткізіп, кәсібін одан әрі кеңейтті. Бүгінде «Престиж» ательесінде алты адам еңбек етеді.

Ательенің негізгі қызметі – кез келген күрделі тапсырыстарды орындау, ұлттық киімдер, мемлекеттік тапсырыстар бойынша арнайы киімдер тігу.

«Мен қазақтың ұлттық киімдерін тіккенді ерекше жақсы кө ремін. Әрбір ою-өрнекте терең мағына бар, әрбір киімде қазақ халқының тарихы мен мәдениеті көрініс табады», – дейді Светлана Шарипова.

Тәжірибелі тігінші Татьяна Субботина осы ательеде 20 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ол мектептен кейін тігін училищесін тамамдап, осы шеберханаға жұмысқа орналасқан. «Алғашқы жұмыс күнім өте қиын болды, бірақ Светлана Александровна маған көмектесіп, қолдау көрсетті. Бүгінде өз ісімнің шебері атандым», – дейді ол.

Ательеде он беске жуық тігін машинасы бар. Оның жартысы – негізгі жұмыстарды атқарса, қалғаны арнайы тапсырмаларға арналған. Терімен жұмыс істейтін құралдар да бар. Қажетті шикізаттар Қазақстанның оңтүстігінен және Ресейден жеткізіледі.

Өткен ғасырларда тігіншілік ең қажетті әрі құрметті кәсіптердің бірі болды. Әсіресе ұлттық киімдерді дайындау үлкен шеберлікті талап ететін. Алайда уақыт өте келе бұл салада өзгерістер орын алды. Қол еңбегінің орнын заманауи тігін машиналары басты, фабрикалық өндіріс күшейді. Соған қарамастан қолөнер мен тігіншілік әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Қолмен тігілген ұлттық киімдерге деген сұраныс ешқашан азаймайды. Өйткені олар – бірегей, ерекше тарих пен дәстүрдің айқын көрінісі», – дейді Светлана Шарипова.

Қазіргі таңда тігіншілік кәсібі үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Қолөнерді бағалайтын адамдар көбейіп, ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артып келеді. «Престиж» ательесі де заман ағымына сай дамып, жаңа технологияларды меңгеруде. Олар жаңа тігін машиналарын сатып алып, жоғары сапалы маталарды қолданады, мемлекеттік тапсырыстарды орындайды. Сондай-ақ болашақта кәсібін кеңейтіп, жас мамандарды даярлауды мақсат етіп отыр. «Қазір жастардың тігіншілікке қызығушылығы төмен, бірақ бұл кәсіптің болашағы зор. Егер жастарды осы салаға тартатын болсақ, тігу және тоқу өнерін әрі қарай дамыта аламыз», – дейді Светлана Шарипова.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp