Биылғы оқу жылынан бірінші сыныптарда бағалау жүйесі өзгертілді. Балаларға бірінші жартыжылдықта баға қойылмайды, үшінші және төртінші тоқсандарда өтілген бөлімдердің қорытындысы бойынша жиынтық бағалау енгізіледі. Бірінші сынып оқушылары бақылау жұмысын орындап, ұпай жинайды, кейін ол бағаға ауыстырылады.
Жаңаша бағалау жүйесі мұғалімдерге оқушылардың өздік дамуын қадағалауға және келешек қызметін жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс, алдымен, білім берудің жаңа стандартымен оқи бастаған бастауыш сыныптарға енгізілмек. Ол оқыту үдерісіне өзгеріс енгізіп, оқушыларды жетістікке жетелейді, білімін одан әрі жетілдіруге, дамытуға, өздігінен ізденуге ықпал етеді деп күтілуде.
Облыстық білім басқармасы, Назарбаев Зияткерлік мектебі және педагогикалық шеберлік орталығының мамандары бірлесіп облыс ұстаздарын жаңа әдістемемен таныстыруда. Каникул уақытында өткізілуі көзделген бірлескен шаралар жоспары жасалған. Бұл шаралар, негізінен, Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында өткізілуде. Оқу орнының мұғалімдері мен әдіскерлері педагогикалық шеберлік орталығы жаттықтырушыларымен бірлесіп аудан мектептеріне де шығып, тәжірибе алмасты. Білім басқармасы мен Назарбаев Зияткерлік мектебі сайттарында педагогтермен кері байланыс орнату үшін форум құрылған. Онда ұстаздар қажетті кеңестер мен әдістемелік ұсыныстар алады.
Жаңартылған бағдарлама бойынша 3177 педагог біліктіліктерін арттырды. Олардың ішінде бастауыш сыныптардың, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің, ән-күй, дене шынықтыру, өнер және робот техникасы пәндерінің мұғалімдері бар. Жұмыстың жаңа жағдайында тиімді менеджментті жүзеге асыру үшін “Көшбасшы мұғалім” және “Тиімді оқыту” бағдарламалары бойынша мектеп басшылары да курстардан өтті.
Білім бағдарламасы оқушыларды үш тілде оқытуға күш салады. Осыған байланысты тіл пәндерінің мұғалімдері оқытудың тәжірибелік әдістемесін пайдалануды көздеп отыр. Ағылшын тілінде қарым-қатынас жасауға үйрету үшін каникул кезінде қазақ-түрік лицейінде екі маусым бойы 500 балаға арналған бейіндік мектептер жұмыс істеп, барлық сауықтыру лагерьлеріндегі үйірмелерде қазақ, ағылшын және орыс тілдері үйретілді.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің мұғалімдері қазақ-түрік лицейінде физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту әдістемесімен танысып, тәжірибе алмасты. Бұл жұмыстар қашықтықтан білім беру технологиясы арқылы жалғасуда. Облыс педагогтері бұл бастаманы қолдап, тіл үйренуде белсенділік танытып отыр. Ата-аналар оқу-тәрбие үдерісінің ажырамас бөлшегі болғандықтан, облыс педагогтері жергілікті телеарналар мен басылым беттерінде де оларға арналған түсінік жұмыстарын жүргізуде.
Күлпаш ҚАЛҒОЖИНА,
облыстық білім басқармасы
басшының орынбасары.