«Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін қастерлейді» – дейді академик Манаш Қозыбаев. Өзінің рухани-мәдени құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай алмаса, сыртқы күштердің рухани-мәдени экспансиясына қарсы тұра алмасы анық. «Қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан айырылма» демекші, халқымыздың салт-дәстүрлерінің құрып кетпеуіне, ұлттық құндылықтарды сақтауға үлесімізді қосу, ұмытылып, өше бастаған дәстүрлерімізді жаңғырту – біз-дің азаматтық борышымыз.
Өткенге көз жіберсек, ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол» деп өрілетін мақал-мәтелдерден отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше екенін, ата-ананың жүрген жолынан өскелең ұрпақ қандай да бір сабақ алып өсетінін көреміз.
Мен өзім Қызылжар аудандық орталық кітапханасы жанындағы «Нұр» клубында, «Шаңырақ» театр үйірмесінде, «Салт дәстүрім – таусылмайтын байлығым» жобасы бойынша жұмыс істеймін. Салт-дәстүрлеріміздің біразы халық арасында кеңінен тараса, кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған құндылықтар әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей- кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзін ұрпақ бойына сіңіріп, шағын мемлекетті басқарып отырған өнегелі отбасыларымызды көріп, риза боламыз. Салт- дәстүріміздің қаймағын бұзбай сақтай білген, өнегелі отбасылар ұрпағым үйренсін деп озық дәстүрлерді алға жалғастырып келеді. Мұндай өнегелі отбасынан ақылды, парасатты, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген үлгілі ұрпақ өсіп шығады.
Отбасы шын мәнінде тату- тәтті, өзара түсіністікте болса, одан адамгершілік пен әділеттің көрінісі айқын сезіліп тұрады. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығынан, тіпті бірегей саяси көзқарасты ұстануын, соған орай ерлі-зайыптылық және ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен байқалады.
Балзия ҚЫЛЫШБАЕВА,
Қызылжар аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.