Әлем бойынша коронавирус індеті кең етек жайып, халықты тығырыққа тіреуде. Қатаң тәртіп енгізу арқылы ғана жаман індеттің таралуын тоқтатып, қиындықты еңсеруге болатынын түсінгісі келмейтіндер аз емес. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев жауапкершілікті сезінбейтін тұрғындарға қандай жаза қарастырылғанын және карантин талаптары жайлы айтып берді.
– Қауіпті індеттің ел аумағында таралуына байланысты біздің облысымызда шектеу шаралары енгізілді. Полиция қызметкерлері өз жұмыстарын облыс бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысын негізге ала отырып жүргізеді. Көшеде, саябақтарда балаларымен не болмаса жалғыз серуендеп жүрген азаматтарға, ең алдымен, далада жүруге болмайтынын айтып түсіндірудеміз. Өйткені, адамдар көп шоғырланған орындарда вирус жұқтыру қаупі жоғары. Көліктерімен әрлі-берлі жүйткіп жүрген адамдардың арнайы құжаттары болуы тиіс. Болмаған жағдайда айыппұл арқалайды. Полиция қызметкерлері үй жағдайында карантинде отырғандарды да қатаң бақылауға алды.
– Биылғы 21 сәуірден бастап карантин режімі қатаңдатылды. Осы жөнінде нақтылай кетсеңіз. Әсіресе, такси жүргізушілерінің талапқа бағынғысы келмейтінін жақсы білеміз. Көлігімен әрлі-берлі жүйткігендерді ауру таратушылар санатынан деп білеміз. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Карантин кезеңінде үйден шығуға тыйым салынады. Бірақ бұл талапқа құлақ асқысы келмейтіндер азаймай отыр. Өйткені, кешкі уақытта такси қызметін пайдаланушылардың қатары әлі де қалың. Көшелердегі автокөлік қозғалысы күндізгі уақытпен салыстырғанда азайды, бірақ қозғалыс жалғасуда. Көбінесе, бұл уақытта такси, жеткізу қызметінің жүргізушілері, жұмыста кідіргендер жүреді. Патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Себепсіз жүргендер жақын маңдағы полиция пунктіне жеткізіледі. Құжаттары мүлдем жоқ, ережелерді елемеген 69 азаматтың көліктері айып тұрағына қойылды. Тұрғындар тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдарды мекеме басшылары автобустармен үйлеріне жеткізіп тұруы тиіс.
– Көшеде де, үй аулаларында да бейсауат жүргендер тыйылар емес. Бұл тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары үлгермей жатқанын білдіре ме?
– Күн сайын Петропавл қаласындағы тәртіпті қадағалауға 500-ден астам тәртіп сақшысы мен әскери қызметші жұмылдырылуда. Жедел басқару орталығының бейнебақылау операторлары камералар арқылы тәртіпті қадағалайды. Төтенше жағдай режімінің талаптарын өрескел бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша ескерту жасау немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу, не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Қазір онлайн сот жұмысы енгізілді. Ережелерді қасақана бұзушыларға сот онлайн түрде жаза тағайындап, әкімшілік қамауға аламыз. Карантин енгізілгелі бері қоғамдық орындарда себепсіз жүрген 345 адам анықталды. 140 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. 43 адам әкімшілік қамауға алынды. Бірқатар адамдарға ескертулер берілді. 158 адамға қатысты әкімшілік материалдар жиналып, сотқа жіберілді.
– Тұрғындар арасында карантин уақытында отбасылық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдер көбейді деген ақпарат тарауда. Бұл қаншалықты рас?
– Өкінішке қарай, бұл шындық. Өйткені, уақытша жұмыссыздар көп. Бос уақытында “ащы суға” сылқия тойып алатындар қатары артқан. Осыған орай қазіргі таңда шақыртулар саны жиіледі. Мысалы, 11 сәуір күні 102 пультіне Петропавл қаласының тұрғындарынан шақырту келіп түсті. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенде ішімдікке сылқия тойып алған екі ер адам мен бір әйел өзара жанжалдасып, төбелес шығарған. Полицейлердің ескертуін елемегендердің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция департаменті азаматтардан карантинге байланысты барлық шектеулерге түсіністікпен қарауды, өздерінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілік танытып, жеке бастың гигиенасын қатаң сақтауды сұрайды.
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.