«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ — ХАЛЫҚ ҚОРҒАНЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау және жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында ішкі істер департаменті облыстағы құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтау, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Полиция қызметкерлері тәулік бойы табиғаттың кез келген қолайсыздықтарына қарамастан, қоғам тыныштығын сақтап, азаматтарды заңға қайшы әрекеттерден қорғап келеді.

Осы орайда облыстың криминогендік және қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты және ұдайы бақылауда екендігін зор сеніммен айта аламын. Өткен бес айдың қорытындысы бойынша, жалпы қылмыс саны 3,7 пайызға азайды. Яғни, аса ауыр қылмыс 34 пайызға, адам өлтіру 43 пайызға, зорлау 32 пайызға, бопсалау 72 пайызға және бұзақылық 60 пайызға төмендеді. Осы орайда айтарымыз, өңірімізде орын алған барлық аса ауыр қылмыстар ашылды. Өткен жылдың қорытындысын тілге тиек етер болсақ, соңғы бес жыл ішінде алғаш рет мал, автомобиль, ұялы телефон және пәтер ұрлығы азайғандығы байқалды.

Жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлық бағыты бойынша республикалық орташа көрсеткіштен жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырғанымызды айту ләзім. Бұл – халық қауіпсіздігі үшін басын бәйгеге тігіп жүрген жедел уәкілдердің, тергеушілердің, криминалистердің, жол-патрульдік полицейлері мен басқа да қызметтердің еңбектерінің жемісі. Жедел-қызметтік жұмыс талдауды және жаңалықтар енгізуді қажет етеді. Осы орайда үстіміздегі жылдың басында тұрғындар арасында кез келген құқық бұзушылыққа “нөлдік төзбеушілік” принципімен жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады.

Жыл басынан бері – 64 мың адам, оның ішінде 40 мыңнан астамы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1399 тұрғын әкімшілік қамауға алынды. Қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 29 пайызға төмендеп, оның салдарынан жарақат алғандардың қатары үш есе азайды.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде техникалық құралдар кеңінен пайдаланылуда. Қазір облыс аумағында 199 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың көмегімен 9 мыңнан аса құқық бұзушылық анықталып, 209 қылмыс ашылды.

Бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру үшін пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен кездесулер өткізілді. Соның арқасында Петропавл қаласының 23 ауласында 67 бейнебақылау камерасы орнатылып, орталық бақылау пульті арқылы 960 пәтер күзетке алынды.

Қаламыздағы ірі сауда орындарында да (“Алтын Адал”, “Алатау”, “Жібек жолы” базарлары) полиция пункттері ашылды. Олар компьютерлік техникамен, байланыс құралдарымен, базар аумағында орнатылған және жедел басқару орталығына біріктірілген сыртқы бақылау камераларымен жарақтандырылған. Сондай-ақ, жергілікті билік барлық полиция жасақтарын стационарлық және тасымалданатын бейнетіркеуіш құралдарымен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындау мақсатында ішкі істер департаменті полиция қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ететін шараларды қолға алды. Бұл міндетті жүзеге асыруға департамент жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган көмектесуде. Оның құрамына қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, жергілікті өкілетті органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өңірімізге белгілі адамдар енді.

Консультативтік-кеңесші органның мүшелері ішкі істер департаментінің барлық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шараларына белсене қатысады. Олар ведомстводағы қызметтер мен аудандық бөлімдерге бекітіліп, бірлесе қарым-қатынас жасай отыра, өздігінен түрлі іс-шаралар, жиналыстар өткізіп, азаматтарды қабылдап, департаменттің түрлі комиссияларының жұмысына қатысып тұрады.

Криминогендік жағдай жайлы қоғамдық пікірді біліп, азаматтардың сенімін нығайту үшін барлық аудан орталықтары мен Петропавл қаласында тұрғындармен кездесу өткізіп жүрмін. Осы күнге дейін 38 ауылдық округ пен аудандық маңызы бар 4 қалада азаматтармен кездестім.

Қазақстан полициясы күніне орай Ресейдің Қорған облыстық ішкі істер басқармасымен бірлесіп концерттік бағдарламалар мен спорттық сайыстар өткізбекпіз. Мұндай шаралар шекаралас ынтымақтастық аясындағы байланысты ғана емес, өзара сыйластық негізіндегі қарым-қатынасты дамытуға жол ашады.

Үстіміздегі жылы барлық қоғамдық маңызы бар іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өтеді. Ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, соғыс және ішкі істер органдары ардагерлерін құрметтеуге, тәртіп сақшыларының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті дамытуға зор көңіл бөлінеді. Біздің департаменттің бастамасымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері бес рет Алматы қаласындағы “Қазақстан” шипажайына барып демалды. Барлық аумақтық бөліністерде АІІБ ардагерлер кеңесінің төрағаларына еңбекақы төленіп, әкімшілік ғимараттардан жеке қызметтік кабинет бөлінген. Соғыс және полиция ардагерлерінің үйлерінде болып, оларға әлеуметтік көмек көрсетуді өз парызымыз санаймыз.

Департамент ұжымы шығармашылықтан да құр алақан емес. Үрмелі аспаптар оркестрі, вокалдық топ құрылып, сахнаның көркіне айналды. Үстіміздегі жылы алғашқы мерейтойын атап өткен балалар вокалдық тобы да шеберліктерін шыңдауда. Департаменттің көркемөнерпаздары қала тұрғындарына мерекелік концерттер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Биыл шығармашылық ұжымнан да ақпараттық-насихат тобын құрдық, олар концерттік бағдарламамен үш ауданға барып қайтты. Жыл соңына дейін облыстың барлық аудандарын аралап шығу жоспарланған. Екінші жыл қатарынан облыстың құқық қорғау органдары мен департаменттің құрылымдық бөлімшелері командалары арасында қазақ күресінен “Полиция барысы” турнирін өткізіп келеміз.

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында полиция қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де шешімін табуда. Соңғы уақытта 10 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды, оның 2-еуі – қалада, 8-і – ауданда. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтановқа департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жан-жақты көмек көрсеткені үшін зор алғысымды білдіремін. Облыс әкімдігінің қолдауымен ішкі істер департаментінің үш әкімшілік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Петропавл қаласының ішкі істер басқармасы ғимаратына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Аудандық ішкі істер бөлімдері мен жергілікті полиция қызметіне қызметтік автокөліктер сатып алынды. Ал облыстық жергілікті полиция қызметі аппаратының жеке құрамына қажет ғимарат құрылысы да өз шешімін тапты.

Тайынша ауданының орталығында өңірлік уақытша ұстау оқшаулағышын салу жоспарланып отыр. Ол облыстың үш ауданында сот шешімімен бірнеше жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған уақытша ұстау оқшаулағышының жұмысына қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек.

Бір сөзбен айтқанда, ішкі істер департаменті өзіне жүктелген міндеттер – қылмысқа қарсы күресу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін бар күш-жігерін жұмсауда. Бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау – біздің асыл борышымыз. Өз қызметіне адал, қоғамның сеніміне ие болған ардагерлерімізді және облыстың барлық полиция қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Берік БІЛӘЛОВ,

облыстық ішкі істер

департаментінің бастығы,

полиция генерал-майоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp