«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ТӘТТІ КІТАПТІҢ» ДӘМІ ТІЛ ҮЙІРЕДІ

Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қазақ және әлем классиктері туындыларының мұқабасы бейнеленген торт пісірді. Өскелең ұрпақтың білім алуға, кітап оқуға деген құлшынысын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Тәтті кітап» байқауы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілді.

Оқу орнының кітапхана меңгерушісі Нұрикамал Сайдуованың айтуынша, оқушылар аталмыш байқауға белсене қатысқан. Себебі, үш тілді жетік меңгерген оқушылар кітапханаға жиі бас сұғып, қазақ және шетел әдебиетін тұшынып оқитын көрінеді.
Сайысқа қатысуға ниет танытқан 14 команда оқушылардан, ата-ана, мұғалім және сынып жетекшілерінен құралған. Байқау барысында түрлі викториналық сұрақтар қою арқылы олардың кітаптың мазмұнын білетіндігі тексерілді. Осыдан кейін алдын ала таңдалған кітаптар бейнеленген тортты әзірледі.
– Мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын. Кондитерлік білімім жоқ, тек үйде балаларды қуанту үшін тәттілерді жиі әзірлеймін. Бүгін соның пайдасы тиді, – дейді Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы бейнеленген тортты пісірген команданың мүшесі Елена Хван.
Қазылар алқасы оқушылардың біліміне, торттың безендірілуіне, оның таныстырылымы мен дәміне мән берді. Олардың шешімімен Жюль Верннің «Двадцать тысяч лет под водой» кітабының мұқабасы бейнеленген торт үздік деп танылды. Екінші орынға Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын таңдағандардың торты лайық деп танылса, үшінші жүлдеге Талап Сұлтанбековтің «Ғажайып планетасы» ие болды. Жеңімпаз команда өз тортын облыс орталығындағы есту кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат оқушыларына сыйға тартты.


Эльмира КӘЛЕНОВА.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp