1992 жылдың 4 маусымы еліміздің тарихына Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің қабылданған күні ретінде енді. Үстіміздегі жылы біз еліміз үшін айтулы оқиға ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына ширек ғасыр толуын атап өтеміз. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлттық рухымыз, мызғымас бірлігіміз, асқақ арманымыз – бәрі де осы рәміздерде көрініс тапқан. Қазақстан байрақты бәсекелер мен алқалы жиындарда күн астында қыраны қалықтаған көк Туымен, ерекше Елтаңбасымен, жан тебірентер Әнұранымен танылып келеді. Бұл – барша қазақстандықтар үшін мақтаныш.
Мемлекеттік рәміздер халық тарихының, мәдениетінің бейнесі болып табылады, ол мемлекеттің қайталанбас ерекшелігін көрсетеді. Рәміздер елдің Тәуелсіздік алуын, мемлекеттік шекарасын айқындап, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Оларды Тәуелсіз еліміздің мемлекеттігінің, егемендігінің берік негізі деуге болады.
Бүгіндері Қазақстанның Туы Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің алдында басқа тәуелсіз мемлекеттердің туларының арасында асқақ желбіреп тұр. Біздің Әнұранымыз Олимпиада ойындары мен Әлем біріншіліктерінде жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілген спортшыларымыздың құрметіне шырқалады. Мемлекеттік рәміздеріміз қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта болып қайтты. Рәміздеріміз шын мәнісінде болмысымызды танытатын ұлттық құндылығымызға айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақстанның Туы да әлемдегі таңдаулылардың бірінен саналады. Туымыздың аспан түстес болғаны кездейсоқ емес. Ежелден ашық көк түс ашық аспанды, бейбітшілікті, кеңпейілділікті білдіреді. Бұл тәуелсіз еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін және мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын білдіреді, сонымен қатар ынтымақтастық үшін әлемдік қауымдастықтағы кез келген елге ашық екенін айғақтайды. Ал Ту түсінің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзеп тұр. Тудағы күн бейнесі – байлық пен молшылықтың белгісі, тіршіліктің қуат көзі. Сондықтан еліміздің Туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қыран бейнесі жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді.
Қазақстан Елтаңбасының авторлары – жерлесіміз Шот-Аман Уәлиханов пен сәулетші Жандарбек Мәлібеков. Елтаңба тәуелсіз елдердің бәрінде бар. Олардың басым көпшілігінде түрлі қару-жарақ пен жыртқыш аңдар бейнеленген. Ал біздің Елтаңба бөлшектерінен ондай таңбалар байқалмайды. Бұл бейбітсүйгіш, жер бетінің тыныштығын тілеген ел екенімізді көрсетеді. Біздің Елтаңбамыз дөңгелек пішінде. Бұл – көшпелі өркениет үшін мәңгілік пен кеңпейілділіктің белгісі. Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз үшін басты тіршілік көздері саналған киіз үй мен ошақтың дөңгелек болатыны бекер емес. Көп халықтарда үй де, пеш те төрт бұрышты. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір аспан фонындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала уықтар шаншылған. Бұдан шаңырақ астында бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан. Екінші жағынан шаңырақ пен уықтар сәулесін шашқан алтын күн іспетті. Қос қапталда аңыздарда айтылатын қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде “Қазақстан” деген жазу бар. Мемлекеттік Елтаңбадағы қос пырақтың да өз айтары бар. Бағзы замандардан тұлпар бейнесі батылдық пен сенімділікті, еркіндік пен ерік-жігерді танытады. Пырақтың қанаттары – асқақ армандарымыз. Сонымен қатар арғымақтардың қанаттары алтын масақтарды еске салады. Ал масақ – еңбексүйгіштік пен берекелі байлығымыздың символдары.
Рәміздердің ең маңыздыларының бірі – Әнұран. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік Әнұраны екі рет өзгерді. Алғашқыда 1992 жылы бір-ауыздан қабылданған еді. Тұңғыш Әнұранның сөзін Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырзалиев, Жадыра Дәрібаева жазғаны мәлім. Ал оның әуені бұрынғы кеңестік кезеңдегідей қалған. Әуеннің авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди болатын.
Бұл Мемлекеттік Әнұран тұңғыш рет 1992 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында шырқалды. Ресми мемлекеттік рәміз ретінде ол 2006 жылдың қаңтар айына дейін қолданылды.
2006 жылғы 6 қаңтар күні Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында елдің жаңа Әнұранын қабылдау мәселесі қаралды. Ертеңіне құжатқа Елбасы қол қойып, ол 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл күн тарихқа Қазақстан Республикасының Әнұраны қабылданған күн ретінде енді. Ал жаңа Әнұран 11 қаңтар күні Ақордада Президенттің инаугурациясы кезінде алғаш рет орындалды. Жаңа Әнұранның тұңғыш рет шырқалған сәтін әлемнің 70-тей елінен келген қонақтар да тамашалады.
Әнұранның негізіне көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденов 1956 жылы шығарған “Менің Қазақстаным” патриоттық әні алынғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ән мемлекеттік Әнұран деген статусқа сай болуы үшін мазмұнына өзгерістер енгізді. Сол себепті оның есімі жаңа Әнұран авторларының қатарында жазылады.
Елімізде мемлекеттік рәміздерді қолдану, насихаттау және шығару үрдісін қамтитын және бұл жұмыстарды қадағалайтын тиісті нормативтік-құқықтық база жасалған. Солтүстік Қазақстан облысында рәміздерді насихаттау және қолдануда ауқымды шаралар қолға алынған. Соның негізгісі – азаматтардың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Облыста мемлекеттік рәміздерді зерттеу, насихаттау мен қолдану жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұсыныстар мен пікірлер жасайтын консультативтік-кеңестік орган – Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Мұндай комиссиялар өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығында да құрылған.
Бүгіндері білім беру мекемелерінде оқитын өскелең ұрпақты мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу ісіне айрықша маңыз берілуде. Бұл жұмыс патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерді зерттеу мен насихаттау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі. Білім беру мекемелері мен кітапханаларда мемлекеттік рәміздерге арналған тақырыптық стендтер, экспозициялар жасалып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақыратын әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Түрлі салтанаттарда, спорттық жарыстар мен қоғамдық шараларда да мемлекеттік рәміздер көп қолданылады.
Қазақстан Республикасы рәміздерінің қабылданғанына 25 жыл толуына орай биыл көптеген патриоттық, имидждік және түрлі форматтағы шаралар өткізу жоспарда бар. Облыс бойынша патриоттар форумы өтіп, онда қатысушылардың барлығы бір уақытта мемлекеттік Әнұранды орындайды.
Барлық солтүстікқазақстандықтарды бұл тарихи күнмен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз гүлденіп, жаңа белестерге шыға берсін!
Әсем РАХМЕТОВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.