«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ” ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Облыстық балалар және жасөспірімдердің шығармашылық орталығында өткен аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Тәуелсіздік толғауы”, өзге де еңбектері арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесі әңгіме арқауына айналды. Өңір педагогтері қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жүргізіп отырды.

– Қазақстан халқы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Тәуелсіздік толғауын” ерекше ыстық ықыласпен қабылдады. Мемлекет басшысы халықтың өз тағдыры мен болашағын дербес айқындайтын, еркін де егемен елде, бейбітшілік пен келісімде, өзара ынтымақтастықта өмір сүруге деген таңдауының тарихы тереңде жатқанын атап өтті. Ел Тәуелсіздігі – халқымыздың басты құндылығы, – деді Анархан Қалиқызы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков атаулы мерекелерге толы биылғы жылдың қоғамның рухани жаңаруында, ұлттық мәдениеттердің өзара араласуында айтулы кезең болып табылатынын атап өтті. “Жарық жұлдыз болып дүниеге келген жаңа Қазақстанды Тәуелсіздіктің ұлы рухы жебеп, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады”, – деді ол.

Жиында тарихшылар мен ұстаздар Елбасының толғауы төңірегінде ой өрбітті. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Сергей Захаров Қазақ хандығының саяси институттары жайындағы зерттеу мақаласын көпшілік назарына ұсынса, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” облыстық филиалының директоры Алма Мырзалинова, Әскери институт бастығының орынбасары Марат Батыров қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қатысты пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, жиында облыстық мәслихаттың депутаты Елена Коноплева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Николай Ухов, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Асхат Ахманов Елбасының еңбектеріне сүйене отырып, мектеп оқушылары мен студенттерді тәрбиелеу, тарихи білімді зерделеуде жаңа бағыттар мен ұстанымдарды айқындау тақырыбында баяндамалар жасады.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp