Тәуелсіздік жылдарында әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге белсене араласу мүмкіндіктері молая түсті. Елімізде әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түрлерін жою туралы Конвенция ережелеріне сәйкес келетін Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, жұмыс істеуде.
Біздің облыста әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, әлеуметтік қорғалуына байланысты жұмыстар ұдайы жүргізіліп келеді. Солтүстік Қазақстан облысының әйелдері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру сияқты басымдыққа ие салаларға өз үлестерін қосуда. Білім саласында еңбек ететін педагогтердің 80 пайызын әйелдер құрайды. Олардың 64 пайызы білім мекемелеріне басшылық етуде.
Бүгінгі таңда кәсіподақтар еліміздегі ең бұқаралық қоғамдық ұйымдардың бірі ретінде әлеуметтік мемлекетті құруға белсене атсалысуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердегі кәсіподақтардың белсенді жұмысының маңыздылығын және олардың әлеуметтік әріптестік аясындағы барлық мүдделі тараптармен өзара әрекеттесуін, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа формаларын дамыту қажеттігін атап көрсетті. Облысымыздағы кәсіподақ ұйымдарының 60 пайызынан астамын әйелдер құрайды. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында белгіленген бағыттарды жүзеге асыруға белсене атсалысуда.
Бүгінде солтүстікқазақстандық әйелдер барлық салалық және аумақтық кәсіподақтар комитеттерін, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқарады. Облыстық кәсіподақтар орталығында әйелдермен жұмыстағы гендерлік аспектіге ерекше мән беріледі. Еңбек қатынастары, гендерлік теңдік, неке және отбасы салаларындағы қолданыстағы заңнамаларға түсінік жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Жаңа заңдардың тұсаукесерлері өткізіліп, ұсыныстар қабылданады, өз жұмыстарында белсенді қолдану мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларына жеткізіледі, қоғамдық бақылау жүргізіледі. Әйелдердің көпшілігі “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының арқасында ақылы жұмыстарға тартылып, отбасы және еңбек міндеттемелерінің үйлесімі сияқты жаңа қажеттіліктер туындауда. Облыстық кәсіподақтар орталығы ұжымдық келісімге материалдық көрсеткіштермен қатар, әйелдердің жұмыс кестесінің икемділігін, отбасы жағдайларына байланысты қысқамерзімді демалыстар берілуін, баланы мектепке дайындау үшін бос уақыттың болуын, балалар мерекелерінің өткізілуін, оқу мекемелеріне бару, тағы басқалар жөнінде ұсыныстар енгізілуі туралы түсінік жұмыстарын үнемі жүргізеді. Жыл сайын бала тууға және күтуге байланысты бірреттік айлық жәрдемақы көлемі ұлғайтылып, міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілген. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында дәрігерлік бақылаудан өткізу жүзеге асырылады. Репродуктивтік жастағы әйелдерді динамикалық бақылау және олардың денсаулығын сақтау мен қолдау бойынша басқа да шаралар жүргізіледі. Гендерлік мәселелердің барлық спектрлері бойынша кәсіподақтардың белсенді және шығармашыл жұмыстары ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға жағымды әсер етіп, кадр тұрақтылығына оң ықпал жасауда.
Облыстық кәсіподақтар орталығы ұжымдық келісімнің әйелдер еңбегі жағдайын жақсартуға, ана мен баланың қорғалуына байланысты жұмыстарды белсенді жүргізеді. Ұжымдық келісім әрекеттерінің тиімділігіне экономика, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, байланыс, білім беру, денсаулық сақтау салалары кәсіпорындары мен мекемелерінің тәжірибелері мысал бола алады. “Отан отбасынан басталады” дегендей, Қазақстанның одан әрі дамуы мен көркеюі, оның қуатты да өркениетті мемлекетке айналуы адамгершілік пен моральдық ізгілігі анадан бастау алатын берік те ынтымақты отбасына байланысты. Өйткені, әйел – шаңырақтың ұйытқысы, Отанды қорғаушы, ұлттық мәдениеттің сақтаушысы, бірлігіміз бен ынтымағымыздың негізі. Әйелдердің жұмыс кезеңінде аналық және бала тәрбиесіне байланысты міндеттерін қамтамасыз етуіне жағдай жасау үшін мемлекет еңбек қатынастарын реттеу үдерісіне қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгіледі. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде реттелген құқықтық нормалар кәсіпорындардың ұжымдық келісімдерінің мазмұнымен айтарлықтай толығуда.
Мереке қарсаңында қоғамымыздың белсенді қызметкерлерін атап өткім келеді. Олардың арасында: Шал ақын ауданы “Агро-север” ЖШС кәсіподағының төрайымы Рита Баймолдина, Петропавл – Оңтүстік-Орал темір жолы станциясының аға кассирі Валентина Василенко, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның өндірістік торабы телекоммуникациясының инженері Татьяна Гнатюк, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ қосалқы станциясы қызметінің электромонтері Зинаида Горбовская, “Киров атындағы зауыт” АҚ жинақтау цехының гальванигі Александра Давлетгиреева, “СевКазЭнерго” АҚ отын-көлік цехының моторисі Галина Зенцова, Мағжан Жұмабаев ауданы білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Татьяна Зюзьд, өнер мұражайының бұқаралық секторының жетекшісі Зада Ерденова, “Петропавл жылу желілері” ЖШС пайдалану қызметінің диспетчері Татьяна Епифанцева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі оқытушыларының кәсіподақ төрайымы Салтанат Жүнісова, тағы басқа да әріптестеріміз бар. Олардың әйелдерге ғана тән ерекше ақылдылығы, еңбексүйгіштігі мен күш-жігерінің арқасында отбасындағы, еңбек ұжымдарындағы, қоғамдағы көптеген өзекті мәселелер шешімін табады.
Әйелдер қызметтің әртүрлі салаларында – өндірісте және ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау мен білім беруде, бизнес-құрылымдар мен қоғамдық жұмыстарда зор табыстарға жетіп, өздерінің әлеуеттерін көрсетіп жүр.
Жамал АХМЕТОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы
кәсіподақтар орталығының төрайымы.