«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 28 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің тарихы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырда Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қоюынан бастау алады. Төл әскеріміздің алдында алғашқы күннен бастап жауынгерлік даярлықты нығайту мен одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні ел қауіпсіздігі сенімді қолда екенін түсінуі керек.

Қорғаныс саласының басты мақсаты – халқымыздың тыныштығын, еліміздің тәуелсіздігін, жеріміздің шекарасын бұзуға бағытталған әрекеттерге төтеп бере алатын мықты, мобильді әскер құру. Әскеріміз құрылғаннан бері кең-байтақ жерімізді көзінің қарашығындай қорғап келеді. Жауынгерлік дайындық жетілдіріліп, әскери техника және қару-жарақтың заманауи жаңа үлгілерімен жарақтанып, жауынгерлік әзірліктің деңгейі жоғарылады. Сөйтіп, егемендік жылдары төл әскеріміз даму жолынан өтіп, өзге елдердің әскерлерімен терезесі теңесті.
Ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі – абыройлы іс. “Әскер – өмір мектебі” деген қағида қай кезеңде де өзектілігін жоймайтыны анық. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңына сәйкес мерзімді әскери қызметке 18-27 жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылу құқығы жоқ азаматтар жатады. Өткен күзде “Ел тірегі – 2019” республикалық акциясы аясында өңірімізден 500-ден астам бозбала Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, Ұлттық ұлан, мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық қызметінің әскери бөлімдерінде Отан алдындағы қасиетті парызын орындауға жіберілді.
Әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде біздің мамандар бозбалалардың шымырлығы мен әскери даярлығынан бөлек, білімі, мамандығы, психологиялық жағдайы мен моральдық-іскерлік сапасына да жан-жақты назар аударады. Жыл өткен сайын Қарулы Күштеріміз заманауи техникамен жабдықталып, жаңа технологиямен қамтылуда. Әскери техниканың көпшілігі компьютермен басқарылады. Демек, әскери бөлімдерде жоғары білімді жастарға, соның ішінде техникалық мамандық алғандарға сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта өз еркімен келіп, мерзімді әскери қызметке баруды қалаған бозбалалар да өте көп. Әскер қатарын толықтыратын жас азаматтарды іріктеу және әскери бөлімдерге тарату кезінде олардың шақырылымға дейін алған мамандықтары ескеріледі. Жастарды әскерге шақыруда, ең алдымен, “Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы” Заң басшылыққа алынады. Сондай-ақ, әр әскердің ведомстволық бұйрығы бар. Сонда көрсетілгендей, әскерге шақырылушының дені сау, бойы 160 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сонымен қатар өңірлік қағидат сақталады. Яғни, солтүстікқазақстандық шақырылушы міндетті түрде өзге өңірге әскери қызметін өтеуге жіберіледі. Ол туған жерінен барынша алшақта болуға тиіс.
Қазіргі күні Қарулы Күштер қатарына, еліміздің өзге де әскерлері мен әскери құрылымдарына 17 мыңнан астам азаматты шақыру жоспарланған. Алайда, коронавирус індетінің таралуына байланысты көктемгі әскерге шақыру науқаны уақытша тоқтатылды. Жалпы 500-ден астам солтүстікқазақстандықты әскерге шақыру жоспарланған болатын. Әзірге шақыру уақыты белгісіз. Дегенмен, біз бұл бағыттағы жоспарлы жұмысты жалғастырудамыз. Департамент пен оның аудандық бөлімдерінің мамандары алдағы уақытта әскерге шақырылушыларды алдын ала іріктеу жұмыстарын атқаратын болады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін әскери қызметке шақыру комиссиясы және дәрігерлік комиссияның құрамы бекітілді.
Адамзат тарихында жер бетінен жоғалып кеткен халықтар мен мемлекеттер аз емес. Тек патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік қана кез келген мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне кепіл болар негізгі күш болып табылады. Жастарымыз ерліктің дастаны болған бабаларымыздың жолымен жүріп келеді. Сондықтан болар, әскерге шақыру жасындағы әр азамат әскери киім киіп, жауынгерлік ұжымның рухын сезінігісі келеді. Жастар арасында Отан қорғаушы мамандығын таңдаушылар санының күн санап артып келе жатқаны сөзімізге дәлел.
Шекарасы шеген­делген, әскери қуаты еселен­ген ел өз батырларын да ұмытпауы керек. Биыл Қорғаныс министрлігінің кадрлар департаментіне 5 солтүстікқазақстандық жауынгерге “Халық қаһарманы” атағын беру туралы ұсыныс жібердік. Олар майдан даласында жасаған ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, белгісіз себептермен марапатталмаған. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Отан үшін от кешкен аталарымыздың ерлік істері ескерілсе екен дейміз. Сондай-ақ, 9 мамыр күні соғыс және тыл ардагерлеріне, оларға теңестірілгендерге түрлі дәрежедегі 7870 медаль салтанатты түрде табысталатын болады.
Бүгінгі таңда дербес әскеріміз қуатты да айбынды күшке айналды. Оның сапы кәсіби шеберлігі жоғары, білімді, сауатты мамандармен толығуда. Бұрындары әскерге шақырылушылар арасында міндетінен жалтарудың түрлі айла-тәсілдері қолданылса, қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын өтеуді құрмет санайтындар қатарының қалыңдап келе жатқаны қуантады. Мұндай сенім әскерішілік тәртіптің қатайғанын, достыққа негізделген моральдық-психологиялық ортаның қалыптасқанын, материалдық-техникалық базаның жақсарғанын байқатса керек. Ең бастысы, жерлестеріміздің Отанды қорғау қастерлі ұғым, қасиетті борыш екенін жақсы сезінетіндігі көңілімізге медеу.


Талғат ӘЛІҚҰЛОВ,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp