
“Мәдениетті қолдау жылы” деп жарияланған 2000 жылдың 15 маусымында Қызылжар өңірінде мәдени маңызы зор оқиға болды. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры бой көтеріп, тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатысқанын көзі қарақты солтүстікқазақстандықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер университетінің бір топ түлектері негізін құрған өнер ордасы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында өңіріміздегі киелі қарашаңыраққа айналған театр ұжымын мерейлі күнімен құттықтауға келген адамдардың қатары қалың болды. Өнер-сүйер жұртшылықтың театрға қызығушылығын, ыстық ықыласын танытқан шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов арнайы қатысып, ұжым өкілдерін мерейтойымен құттықтады.
– Облыстағы алғашқы қазақ театрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, өнер ордасына ұлы жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың есімін беруі Қызылжар тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Халықтың алғысын алып, қошеметіне бөленген өнер ордасы бүгінде қасиетті қарашаңыраққа айналып отыр. Оның облысымыздың мәдени өміріне қосып келе жатқан үлесі шексіз. Алдағы уақытта да ұжымның берері мол болсын! Бірегей өнер ордасына биік белес, көрермендерге жақсы қойылымдар ұсынуды тілеймін, – дей келе облысымыздың мәдениет және өнер саласына қосқан үлесі үшін бірқатар актерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, театрға 5 миллион теңгенің сертификатын сыйға тартты.
Театр ұжымы жиналғандарға арнайы дайындаған мерекелік қойылымын ұсынды. Өнер ұжымы он бес жыл ішінде 70-тен аса спектакльді сахналап, әртүрлі халықаралық театр фестивальдарында топ жарды. Бүгінде театрда отызға жуық актер қызмет етуде. Олардың дені – жастар.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.