
Облысымызға келген Украинаның сүт және сүт өнімдерін өндірушілері қауымдастығының өкілдері өңір басшысы Ерік Сұлтановпен кездесіп, осы сала бойынша болашақтағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Украиндықтарды өңіріміздің тыныс-тіршілігімен таныстырған облыс әкімі Ерік Сұлтановтың айтуынша, облыста 165 мың бас ірі қара бар. Олардан жылына 500 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Оның 272 мың тоннасы өңіріміздегі 19 сүт өңдеу кәсіпорнында өңделеді.
– Бүгінгі күні сүт өндірісін қолдайтын ынталандыру шаралары мемлекет тарапынан көптеп көрсетілуде. Үстіміздегі жылы “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бойынша құрғақ сүт пен ірімшік, сарымай сияқты өнімдерді тереңдете өңдеу өндірісі үшін шикізат сатып алатын қосындарды және сүт қабылдау пункттерін құруға кеткен шығындардың орнын ішінара толтыру қарастырылған. Жабдықтар мен көлік алуға кететін қаражаттың 30 пайызы демеуқаржыландырылады, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Өңір басшысы облыста сүт өнімдерінің сапасын қамтамасыз ету бойынша шаралар анықталып, тұрғындардан сүт сатып алу көлемін ұлғайтуға бағыт ұсталып отырғанын айтты. 700-дей елді мекеннің 550-ге жуығында орталықтандырылған сатып алу ұйымдастырылған. Өңірімізде сүт бағытындағы ірі қара сатып алу бойынша жұмыс жалғасуда. Бірінші кезекте симменталь тұқымды ірі қара сатып алу жоспарланған.
– Егер асылтұқымды ірі қара жеткізу бойынша ұсыныстарыңыз болса, осы бағытта ынтымақтаса жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл бағыттағы әлеует жақсы, – деді өңір басшысы.
Украинаның сүт өндірушілері қауымдастығының вице-президенті Любомир Дыкуннің сөзіне қарағанда, оларды сүт өнімдерін ұқсатудағы Қазақстанның тәжірибесі қызықтырады.
“Dairy Global Experts” ЖШҚ директоры Петр Михайленко: “Біздің Қазақстанға келудегі мақсатымыз мұнда сүт өндіру және өңдеу бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын зерттеу болатын. Сіздердің аумақтық, табиғи және климаттық мүмкіндіктеріңізді пайдалана отырып, біз сүт және сүт өнімдерін өндіру бойынша кластерлер құрылысын бастауымызға болатынына көз жеткіздік”, – деді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.