«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ХАРЕКЕТТІҢ” ҮЛГІЛІ ӘРЕКЕТІ

“Харекет” қайырымдылық қоры былтыр Астана қаласында тұрғындардың қолдауымен мұқтаж жандарды, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Бүгінде бұл игі іс еліміздің өзге де қалаларында қолға алынуда. Қордың көмегімен алғашқы баспана Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында тұратын көпбалалы отбасыға бұйырған еді. Содан бері қор мүшелері қырық бір отбасыға баспана сыйлап, қуанышқа бөледі.

Қайырымдылық қорының өңіріміздегі филиалының жұмысын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Бақдәулет Сапархан жүргізіп отыр. Қайырымдылыққа жаны жақын Бақдәулет бірінші курстан бастап жетімдер үйіне барып, еріктілермен бірге шағын концерттер ұйымдастырып тұрады.

“Харекет” республикалық қоры жайлы әлеуметтік желі арқылы хабардар болған Бақдәулет қолдауға зәру жандарға көмектесуді ұйғарған. Қайырымдылық қоры “1000 теңгеге баспана” атауымен акция өткізіп тұрады. Яғни, бұл қайырымдылық шарасы ешкімнің қалтасына салмақ түсірмейді, ниет танытқан адам қордың есепшотына мың теңге ақша салса болғаны. Қажетті қаржы жиналғаннан кейін қор мүшелері мұқтаж жандарға баспана алып береді.

Жақында қайырымды жастар Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы жалғызбасты әкеге қуаныш сыйлап, баспананың кілтін табыстаған.

– Алға қойған мақсатымыз өте көп. Жаңа жылға дейін осындай бірнеше шара өткізу жоспарымызда бар. Қор туралы тұрғындардың көпшілігі біле бермейді. Көмекке мұқтаж жандар аз емес. Университетті тамамдағаннан кейін осы өңірде қалып, қолға алған ісімді жалғастырсам деймін, – дейді Бақдаулет Сапархан.

Ақтолқын СОЛТАНХАНҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp