«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЧЕМПИОНДАР АУЫЛДАН ШЫҒАДЫ

Еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі спорт саласы да қанатын кеңге жайды. Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалып отыр.

Ұлт саулығы – ел қауіпсізді­гінің басты негізі. Саламатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды үнемі дене шынықтырумен айналысуға үгіттеу жұмыстарының нәтижесінде бұқаралық спортқа бет бұрғандардың, әсіресе, жастардың саны артып келе жатқандығы қуантады. Уәлиханов ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі де жүйелі жұмыстар атқарып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуде.
Бүгінгі таңда ауданымызда 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны 5 мыңға жетті. Бұл барлық тұрғынның 31,6 пайызын құрайды. Былтыр ауданішілік 125 спорттық шара өткізіліп, оған 8 мың адам қатысты. Аудандық “Солтүстік” қысқы спорт мерекесі және “Ақ бидай” спартакиадасы, волейболдан және президенттік көпсайыстан, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды. Ауданымыздың білекті балуандарын бір кілемнің үстіне жинаған “Қызылжар барысы” турнирінің ауылдық және аудандық кезеңдері де спортсүйер қауымның көңілін бір серпілткені сөзсіз.
Спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыруға басымдық берудеміз. Атап айтқанда, соңғы жылдары ауданда спорттық кешендер мен жазғы спорт алаңқайларының саны көбейді. Бүгіндері ауданда 3 стадион, 9 ату тирі, 25 спорт зал және 1 ипподром жұмыс істейді. Қыста коньки теуіп, хоккей ойнағысы келетіндер үшін 21 қорапша орнатылды. Сонымен қатар волейбол мен баскетбол және футбол ойнауға арналған 84 алаң бар. Онда жазда да, қыста да доп қуалап, жүздері бал-бұл жанған жасөспірімдерді көруге болады.
Екі жыл бұрын аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген болатын. Екіқабатты нысанда еркін және қазақ күрестері, футбол, жеңіл атлетика, шаңғы, бокс, жекпе-жек сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде бұл кешенде жастардан бастап зейнеткерлерге дейін белгіленген кесте бойынша түрлі спортпен айналысады.
Ауданда балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен дене шынықтыру дайындығы клубы бар. Спорт мектебіндегі 50 топта 586 өрен спортпен айналысады. Жеткіншектерге еркін күреспен, футбол, хоккей ойнаумен, жеңіл атлетика, қазақ күресі, шаңғы тебумен айналысу үшін барлық жағдайлар жасалған. Ал өткен жылдың қыркүйек айынан бастап клубта гір спорты, шорттрек және президенттік көпсайыс бойынша үйірмелер ашылды. Дене шынықтыру дайындығы клубында 250 бала спортпен айналысады. Клуб тәрбиеленушілері білікті бапкерлердің жетекшілігімен үстел теннисі, лапта, волейбол, шахмат, асық ату, тоғыз құмалақ, бес тас, футбол бойынша жаттығады.
Қазіргі уақытта ауданда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, футбол, шайбалы хоккей, және еркін күрес дамып, спортшыларымыз жүлделі орындардан көрінуде. Желтоқсан айында футзалдан аудандық құрама команда аумақтық жарыстарға қатысып, ақтық кезеңге жолдама алды.
Соңғы жылдары қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстық “Солтүстік – 2020” спорт мерекесі ая­сында қысқы президенттік көпсайыстың іріктеу жарыстары мен аудандық ойындар Телжан ауылдық округіндегі Көбенсай ауылында өткізіледі. Жергілікті спортшылар шайбалы хоккей, баскетбол бойынша әуесқойлар лигасында өнер көрсетуде. Ақпан айында қысқы спорт түрлерінен аудандық спартакиада басталады. Мұның бәрі аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануы үшін атқарылып жатқанын айтқым келеді.


Жанар МҰСАЙБЕКОВА,
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
Уәлиханов ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp