«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙДАҒЫ ШҰҒЫЛА

Жергілікті жерлерде ауылдық округ әкімдерінің, шаруашылық бас­шыларының араласуынсыз бірде-бір шара өтпейтіні белгілі. Адамдардың тұрмысын жақсарту жолында атқа қонған жергілікті билік өкілдері мен маңдайын күн қақтаған диқандарға жүктелетін міндеттерді санамалап тауыса ал­майсың. Олардың көлденең көзге көріне бермейтін, шын мәнінде қа­уырт қимылға толы, зейнетінен бей­неті, алғысынан “қарғысы” көп­теу жанкешті жұмысының елене бермейтіні тағы бар. Құрамында еңбек ардагерлері, депутаттар бар топ елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, ауылдарда нендей істер атқарылып жатқа­нын көріп қайтты.

Аудандық мәслихаттың хат­шы­сы Ерлан Әділбеков жетекші­лік еткен топ мүшелері алдымен “Привольный” ЖШС-не ат басын тіреді. Бауыржан Тасмағанбетов­тің басқаруындағы серіктестік 640 сиырға арналған сүт кешенінің құрылысын бастапты. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Аудандағы ал­ғаш­қы ірі сүт кешеніне Симмен­таль тұқымдас сиырлар Герма­ниядан әкелінбек.

Аталмыш шаруашылық ауылдағы стадионның құрылысына 50 млн. теңге аударған. Ал саябақ салуға облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлініпті. Онда тың иге­рушілерге арнап стелла, соғыс ар­дагерлеріне ескерткіш орнатыл­мақ. Мектеп ғимараты анадайдан көз тартады. Республикалық қа­зы­надан 137 млн. теңге жұмса­лып, қалпына келтірілген. Маңа­йын асфальттау жұмыстары ша­руашылықтың есебінен атқарыл­ған. Аз уақыттың ішінде бірталай істің басы қайтарылғаны көрініп-ақ тұр.

“Мен осы ауылға анамның сүті­нің дәмі аузымнан кетпеген кезде келіппін. Мектепті осында бітір­дім. Жоғары оқу орнын тамамдап, басқа жақта еңбек етіп жүрсем де, құлынтайдай тебісіп өскен алтын бесігім есімнен шыққан емес. Сү­йікті ұстаздарыма, ауылдаста­ры­ма бір көмегімді тигізуді арман­дай­тынмын. Ойымның орындалға­нына қуанамын”, – дейді Бауыр­жан Иманбайұлы өзіне тән сергек үнмен.

Топ мүшелері Новоишимка кен­тінде оңтүстік өңірлерден көшіп ке­летін отбасылар үшін тұрғызылып жатқан баспаналардың жайымен танысты. “Еңбек” бағдарламасы аясында ауданда 59 үйдің құрылысы жүргізілуде. Іші жылы әрі кең. Су сылдырап ағып тұр. Үй­лердің маңайын абаттандыру, қора-қопсы салу жұмыстары ғана қалыпты. Мәдениет үйін жөндеуге нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дарламасы аясында 44,4 млн. теңге бөлінген.

Ғабит Мүсірепов атындағы Мә­дениет үйін аралағаннан кейін мә­дени-бұқаралық шараларды жа­дандыру төңірегінде бірқатар ба­ғалы ұсыныстар айтылды. Жеңіс саябағы да адам танымастай өз­герген. 2 субұрқақ ауылға ерекше көрік беріп, шырайын аша түскен. Аумақты дамыту бағдарламасы бойынша көшелерге 200-ге жуық шам орнатылып, түннің өзін сама­ладай жарық ете түскен. Гагарин, Пионер, Островский, Солнечный кө­шелері өзгеше кейіпке енген. Тұр­ғындардың ризашылығы шек­сіз. Қай-қайсысымен сөйлессең де, аумақты дамыту ісі қарқынды жүріп жатқанын жарыса айтады. Заман ағымына сай талғаммен безендірілуін құптайды. Өнер мек­тебінде атқарылған ауқымды жұ­мыстар да көңіл сүйсінтті.

Жуырда ғана пайдалануға бе­рілген 50 пәтерлік үйдің бас мер­дігері “ПМК-5” ЖШС басшылығы­ның айтуынша, пәтерлердің кілт­тері жетім және ата-ана қарауын­сыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, медицина қызмет­кер­леріне, мемлекеттік қызметші­лерге тапсырылыпты. Компания жергілікті құрылыс материал­да­рын қолданғандықтан, баспана бағасы да қолжетімді. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 46,1 шақырымға жететін 45 көшені жөндеуге рес­публикалық бюджеттен 702,5 млн. теңге бөлінген.

Белсенді топ бұдан соң Нежин­ка-Ерке ауылына барды. “Еңбек” бағдарламасы аясында мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 147 млн. теңге бөлініп, едені ауысты­рылған, электр жарығы, жылу, кәріз жүйелері жаңаланған. Мек­теп директоры Серік Жахин “Не­жинка-Ерке” ЖШС-і жыл сайын сыныптарға жиһаз сатып алуға, балаларды тегін тамақтандыруға жүйелі түрде көмектесетінін жет­кіз­ді. Биыл бұл мақсатқа 4 млн. теңге қарастырылыпты. Ауыл ақсақалы Бақыт Нұркин жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген білім үйіне қаражат бөлініп, қайта қалпына келтірілгеніне алғыстан басқа айтары жоқ екенін жеткізді.

Жұмыс сапары Рузаев ауыл­дық округінде жалғасты. Кәрібай Шаяхин басқаратын “ПМК-5” ЖШС-і мұндағы Мәдениет үйін қа­раған адамның көзі тоймас зәулім сарайға айналдырыпты. Бағалы тастармен көмкерілген шамдар еріксіз мойын бұрғызады. Жарық әрі жайлы жаттығу залдарына спорт жабдықтары қойылған. Бір сөзбен айтқанда, демалыс үшін бар­лық жағдай жасалған. Ойын-сауық бөлмесіне кіргенде сиқырлы ертегі әлеміне тап болғандай әсер аласың. Мұнда тұрғындар от­басымен бірге бос уақыттарын өт­кізіп, спортпен шұғылдана алады. “MGA Dorstroy”, “Строисвет”, “Кен­жекеев” серіктестіктерінің бел­се­не араласуымен көшелерді асфальттау, жарықтандыру, жол­дар­ды жөндеу мәселелері де ой­дағыдай шешіліпті.

Чистополье ауылдық округінің әкімі Қанат Амантаев абаттан­дыру жұмыстарымен таныстыр­ғаннан кейін топ мүшелері Тах­таброд ауылдық округінде орна­лас­қан “Ақселеу” ЖШС-не бағыт алды. Шаруашылық басшысы Се­рік Малаев тұрғындардың әлеу­меттік жағдайын жақсарту басым бағыт саналатынын, өз тарапы­нан барлық мүмкіндіктер қарас­тырылатынын сөзіне арқау етті. Үйлер түгелге дерлік сумен жаб­дық­талған. Биоотынмен жылыты­латын орталық қазандық тұрғын үй секторының үштен бірін қамта­масыз етеді. Келесі жылы 100 па­йызға жеткізілмек. 1-4-сынып оқу­шылары, 3 және одан да көп бала­лары бар отбасының оқушылары тегін тамақтанады. Бала туғанда 40 мың теңге, бір жасқа толғанға дейін ай сайын 10 мың теңге мөл­шерінде жәрдемақы беріледі. Үй­лену тойларына, жерлеу рәсім­деріне қаржылық көмек көрсе­тіледі. Өңір басшысы Құмар Ақ­сақаловтың оңтүстік облыстар­дан көпбалалы отбасыларды кө­шіріп әкеліп, ауыл турғындары­ның са­нын арттыру, жағдай жа­сау, жұ­мыспен қамту бастама­сы­на орай 16 үй салыныпты. Еңбек­керлердің жалақысын көбейту, еңбек өнім­ділігін ұлғайту бағы­тын­да да тын­дырымды істер бар­шылық. Ша­руа­шылықта 15000 гек­тар алқап болса, оның 14000 гек­тарына би­дай дақылдары егіледі. Бұдан бөлек, 490 бас Герефорд тұқымды сиыр, 200 бас жылқы өсіріледі.

Аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Әділбековтің басқаруымен ауылдық оргугтерді аралаған топ­тың бір күндік сапарының со­ңын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың: “Туған жерге айрықша іңкәр­лікпен атсалысу – шынайы пат­риотизмнің маңызды көрінісі”, – деген сөзін еске алдық.

Шолпан САЛЫҚОВА.

СУРЕТТЕ: еңбек ардагерлері мен депутаттар “Привольный” ЖШС-індегі сүт кешенінің құрылысымен танысуда.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp