«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙ АУДАНҒА – ШАҒЫН АЭРОДРОМ

Уәлиханов ауданының орталығында шағын аэродром салынбақ. Бұл жоба көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге аспақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 178 миллион теңге қаражат қарастырылған. “Петропавл-Кішкенекөл” бағытындағы жергілікті әуе қатынасы 2018-2020 жылдары іске қосылады деп жоспарлануда.

– Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан тұрғындары үшін бұл жағымды жаңалық. Себебі, аудан тұрғындарының облыс орталығына қатынауы үшін жарты күн кететіні белгілі. Бұл өз кезегінде аудан орталығынан алыс орналасқан Қулыкөл, Қаратал, Жасқайрат сынды ауылдармен әуе байланысын орнатуға мүмкіндік туғызады. Жергілікті әуе қатынасы бойынша жолаушыларды тасымалдайтын мұндай шағын аэродромның біздің ауданда салынуы Ақжар ауданының тұрғындары үшін де тиімді болмақ. Қазіргі таңда аэродром салынатын жер қарастырылуда. Шағын аэродром құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау мақсатында облыс бюджетінен қаражат қарастырылуда. Оған 28 миллион теңге қажет, – деді аудан әкімі Аман Төрегелдин.

Кішкенекөл елді мекенінде салынатын шағын аэродромның пайдалануға берілуі тұрғындардың қатынауына ғана емес, сондай-ақ, аудандағы ауыр науқастарды жедел түрде облыс орталығына жеткізуге мүмкіндік туғызбақ. Аэродром 12 орындық шағын ұшақтармен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Облысымыз бойынша мұндай аэродром Уәлиханов ауданында ғана салынады. Ал республика бойынша 11 елді мекенде осындай әуе қатынасы болмақ.  

 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp