Ыбырай Сандыбайұлы өз заманында аспандағы аққуға үнін қосқан әнші, суырыпсалма ақын, талантты композитор болғаны мәлім. Қазақтың кең даласын ән мен жырға бөлеген сазгер артына өшпес із, өлмес мұра қалдырды.
“Ән салып, сері болып талаптандық,
Тыңдамай ақылын да барлық жанның.
Бөркіме үкі тағып, сәндеп киіп,
Жолына түспей кеттім дүние малдың”, – деген өлең жолдарынан-ақ оның өнерді бәрінен жоғары қойғаны аңғарылып-ақ тұр.
Арқаның саңлағы Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы 1858 жылы Айыртау ауданында орналасқан Жалғызтау бөктерінде Сандыбай бұлағының маңында дүниеге келген. Әкесі бүкіл аймаққа аты мәлім, темірден түйін түйетін ұста болған. Ыбырай бала кезінде ауылдағы молдадан сауатын ашып, жазу-сызуды меңгереді. Жастайынан өнер жолына бет бұрып, әншілікке құмар болып өседі. Ел аузындағы аңыз бойынша Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Түсінде ауылы шалқар көлдің жағасында екен. Ыбырай сол жағада асық ойнап жүрсе керек. Көлдің арғы бетінен біреудің айғай салған дауысы шығады. Қараса қолында домбырасы бар ақ сақалды қарт тұр екен. Ол Ыбырайға: “Шырағым, мынаны саған сыйладым”, – деп домбырасын лақтырып қалғанда Ыбырай ұйқысынан шошып оянса керек. Содан бастап ол әрі өлең, әрі ән шығарып, елге танылады.
“Ағаштан арба-шана ие алмадым.
Шанамен жолдас болып жүре алмадым.
Әкеміз қара мұрын ұста атанған
Көмірге өзімді-өзім қия алмадым”, – деген сөздерінен ақынның әншілік өнерге жасынан көңіл бөлгендігі байқалады. Ол жас кезінде-ақ өзі білетін ән-жырларын, өлең, толғауларын, қисса-дастандарды ел аралап жүріп орындап, халықтың құрметіне бөленеді. Өзі өскен ортада өмір сүрген Біржан сал, Ақан сері, Орынбай, Шөже, Арыстанбай ақындардан тәлім-тәрбие алады. Олардың туындыларын орындап, ән айтудың алуан түрлі сырларын меңгереді. Әншілік пен ақындықты қатар алып жүреді. Сөйтіп, ол халық музыкасының дамуына ерекше үлес қосып, өзімен үзеңгілес өнер иелерінің үлгі-өнегесін жалғастыра түседі.
Ыбырай тек әншілікпен шұғылданып қоймай, өзі де көпшіліктің көңілінен шығатын ән жаза бастайды. Атап айтқанда, “Гәкку”, “Қарақат көз”, “Балқурай”, “Шалқыма”, “Қаралдым”, “Сүйгенім кете барды қасыма еріп”, “Аңшының әні”, “Кісіге кісі жары жар болмайды” және тағы басқа туындылары сол кездің өзінде ел арасына кең тараған.
“Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Денеңді қорғасындай балқытайын.
Біржаннан алып қалған әнім еді,
Толқыта “Шалқымамды” шалқытайын”.
Осы өлең жолдарына қарағанда, Ыбырай Біржан салға еліктеген, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. Бұл әнді автор “Дауыс ашарым” деп орындаған. Жас кезінде тамаша тенор даусына, оның әншілік өнеріне бас иіп құрметтеушілер көп болған. Өзінің ауылдасы, Петербургте оқыған Мәмбетәлі музыкалық білім алу мақсатында Ыбырайды Ресейге шақыртып алған. Бірақ түрлі себептерге байланысты сазгер шет жерде оқи алмай, елге қайтып келеді. Ерекше дарын иесі арнайы білімсіз-ақ әнді де құбылта айтып, домбыраны да шебер тарта білген. А.Құлымбетов пен С.Сейфуллиннің айтуларына қарағанда, күміс көмей әнші 1924 жылдың қазанында Қызылжарда қазақ жастарының кешінде “Қалдырған” атты туындысын орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген.
Көптеген халық композиторлары сияқты Ыбырай да махаббат тақырыбына жиі ден қойған. Сондай ғашықтықтан туындаған әндердің бірі “Гәккуде” автор сүйген қызы Кәкиманы аққу құсқа теңейді.
“Шалқыған айдын көлде сен бір аққу,
Мұндай сөз естідің бе бек ләззатлу.
Сырнай мен домбыраның арқасында
Балқыған қорғасындай қайран гәкку”.
Ән қайырмасында аққу құстың үніне ұласатын “Гәкку гә-гә-гәй, гәкку” деген одағайлармен шебер үйлесім тауып отырады. “Гәкку” әнінің төрт нұсқасы бар. Солардың ішінен жұртқа кеңінен тараған, Иса Байзақовтан жазылып алынған ең бір көркемделген түрі. Ән – әуенінің әсемдігі, көркем нәзіктігі, шеберлігі жағынан керемет туындылардың бірі. 1930 жылдары “Гәкку” ұлттық мәдениетімізде тұңғыш опера композиторы Е.Брусиловскийдің шығармасындағы Жібектің ариясы ретінде жаңа түрге ие болды. Ән ертеректе домбыраның ғана сүйемелдеуімен бір үйдің, бір ауылдың шеңберінде орындалды. Қанатын жайып ұша алмаған қыран құстың бейнесіндей көрінді. Опера сияқты күрделі жанрға арқау болғаннан кейін мың құбылған оркестрдің үніне ілесіп биікке самғап кетті. Сөйтіп, әнші аузынан шыққан “Гәкку” дүниеге жаңадан келгендей қалыпқа түсті. Миллиондаған халықты тамсандырған рухани азыққа айналды. “Гәккуді” алғаш орындаған, 24 жасында Кеңес одағының халық әртісі атанған Күләш Байсейітова өзін де, “Гәккуді” де биік шыңға шығарды.
Қазақ музыкасы тарихын жетік білетін академик Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұлдары” кітабында әннің шығу тарихын жаза келе: “Гәкку” әні Ыбырай әндерінің шырқау шыңы”, – деп аталмыш туындыға өзінің жоғары бағасын берген екен.
Әннің шығу тарихы да қызық. Ыбырайдың өз айтуы бойынша, ол ел аралап, сал-серілік құрып жүрген шағында бір жиында Кәкима деген қызға көңілі ауып, оған сезімін білдіреді. Ару да өнерлі болса керек, домбырамен, сырнаймен ән айта жөнеледі. Кезегі келгенде Кәкима Ыбырайға:
“Ақынға неге керек құр мазалық,
Сүйгенін жаутаңдатып, ойға салып.
Айттағы сертіңе жет деген мақал,
Болмай ма шырқаса ән өмірге азық”, – деген екен.
Ыбырай:
“Таусылмас дариясы әзіл наздың,
Мамығы жақсыға ем, қоңыр қаздың.
Қыл арқан ер мойнында шірімейді,
Періштем, жәннатіңе қарыздармын, – депті. Содан көп күндер ән шығару жөнінде ойланып жүреді. Бір күні қаршыға салып жүріп, Қайранкөлдің жағасында атын тұсап, өзі бір төбенің басына шығып, домбырасын кеудесіне алып жатады. Көзі ілініп кеткен Ыбырай бір қоңыр қаздың қаңқылдаған даусынан оянып кетеді. Кеудесінен домбырасын ала сала сол жерде әйгілі “Гәкку” әнін шығарған екен.
Үкілі Ыбырайдың музыкалық-поэтикалық шығармашылығынан үлкен орын алатын өсиет, ғибрат әндерінің орны ерекше. Сондай әндердің қатарына “Қалдырғанды” қосар едік. Ақын өмірде басынан кешірген сан алуан қызықтың бәрі де артта қалып, тек елестей есте жүргеніне өкініш білдіреді.
Үкілі Ыбырайдың “Қалдырған”, “Дүние”, “Қарақат көз”, “Гәкку”, “Желдірме” және “Шалқыма” әндерінің кейбір нұсқалары тұңғыш рет А.В.Затаевичтің “Қазақ халқының мың әні” және тағы басқа ән жинақтарында басылды. Ақынның “би-болысты мысқылдап, қыр соңынан қалмадым” дегеніндей, атқамінерлердің жалған жаласымен Ыбырай 1930 жылы Қиыр Шығысқа жер аударылады. Кейбір деректерде оның Көкаралға жер аударылғаны, сол сапардан кейін Ақтөбеде 1938 жылдардың шамасында дүние салғаны туралы дерек кездеседі.
Ыбырай қалдырған 40-тан астам музыкалық шығарма халқымыздың рухани азығына айналып, ұлттық мәдениетіміздің төрінен ойып тұрып орын алды. Алдағы уақытта дәстүрлі әншілеріміз ақынның ұмыт болып бара жатқан туындыларын халық арасында жаңғырта түседі деген үміттеміз.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.